Жаңалықтар

Шымкентте қандай мекемелер мемлекет меншігіне қайтарылды

Шымкентте қандай мекемелер мемлекет меншігіне қайтарылды
Шымкентте қандай мекемелер мемлекет меншігіне қайтарылды/Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Президент Қ.Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады.

Президентке қаланың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берілді.

Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31 пайызға ұлғайып, 360 миллиард теңгені құраған. Биыл өнеркәсіп саласында жалпы құны 680 миллиард теңге болатын өнім өндірілген. Құрылыс қарқын алып, 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Өзге салалар бойынша көрсеткіш төмендегідей:

  • Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық аймақтары іске қосылған.
  • Шаһарда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асқан. Аталған секторда 245 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
  • Жаңа әуежай терминалы салынып, теміржол вокзалы реконструкциядан өткен.
  • «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп және Оқушылар сарайы пайдалануға берілген.
  • Шағын футбол орталығы мен спорт кешені бой көтерді.
  • Оңтүстік айналма жолы және 2 ірі жолайрық пайдалануға берілген.
  • Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін былтыр – 2 270, биыл 2 743 көше жарықтандырылған.

Активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аясында Мұз сарайы, Орталық су спорты кешені, №2 қалалық емхана, «Қиял әлемі» технопаркі мен «Кең баба» саябағы мемлекет меншігіне өткен.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеу, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу, қала тұрғындарын баспанамен қамту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеген.

Бұған дейін, Шымкентте аудан әкімдігінің ғимараты өртеніп кеткен болатын.