Төрт жылда 456 локомотив, 7 мыңнан астам жүк вагоны сатып алынады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Төрт жылда 456 локомотив, 7 мыңнан астам жүк вагоны сатып алынады
Төрт жылда 456 локомотив, 7 мыңнан астам жүк вагоны сатып алынады/Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

2029 жылға дейін теміржол локомотивтері мен жүк вагондары паркі жаңартылады. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.

Бүгінгі таңда локомотивтер паркі 1,9 мың бірлікті құрайды.

«Жаңарту бағдарламасына сәйкес, 2029 жылға дейін барлығы 456 локомотив сатып алу жоспарлануда. Локомотивтерді жеткізушілер – қазақстандық «Электровоз құрастыру зауыты», «Локомотив құрастыру зауыты» және Қытайдың CRRC компаниясы», – деді министр.

Оның сөзінше, АҚШ-тың Wabtec компаниясының деректерінде қазіргі уақытта Қазақстанда қолданыстағы жүрген локомотивтер заманауи және тиімді техникаларға жатқызылған, олар болашақтың тасымал талаптарына толық сәйкес келеді.

Ал жүк вагондары жеке операторлардың есебінен жүзеге асырылмақ. Елде 300-ден астам теміржол операторы жұмыс істейді. Олардың қол астында 142 мың жүк вагоны бар. Министрлің айтуынша, бұл қазіргі жүк тасымалының қажеттілігін толық қамтиды. Оның ішіндегі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының үлесі – 41%, әрі бұл вагондар әлеуметтік маңызы бар бағыттарда белсенді қолданылады.

«2029 жылға дейін жүк операторлары тарапынан 7 мыңнан астам жаңа вагон сатып алынады. Бұл жүк тасымалының өсіп келе жатқан әлеуетін сақтап, дамытуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Сондай-ақ бүгінгі жиында «Достық – Мойынты», «Алматы айналма теміржолы» учаскелері мерзімінен бұрын аяқталатыны айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз