Жетісу облысында баласын мектепке дайындау үшін 25 мың ата-анаға ақша аударылды

Биыл Жетісу облысында 41 мыңнан астам оқушының мектепке жиналуына көмек көрсетіледі. Соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 25 мыңдай балаға жалпы білім беру қорынан жәрдем жасалса, 16 650 балаға «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қолдау көрсетілмек, – деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, Жетісу облысында әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы 25 мыңдай балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 1,1 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі күні аталған қаражат ата-аналардың жеке есеп шоттарына толығымен аударылған.
Сол сияқты облыста республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында тамыз айының алғашқы жартысында 8400-ден астам балаға көмек көрсетілген, атап айтқанда мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары берілген. Жалпы 16 650 бала көмекпен қамтылады деп жоспарланған. Қайырымдылық көмек шарасына кәсіпкерлер, этно-мәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар т.б. белсене атсалысып жатыр. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Ата-аналарға нарықтағыдан төмен бағада мектеп формалары мен кеңсе тауарларын сатып алуы үшін мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр.
- Талдықорған және Текелі қалаларында орталық арбатта;
- Көксу ауданында Балпық би ауылында Қабан жырау көшесі, 17-үйде орналасқан «Дастан» сауда үйінің алдында;
- Қаратал ауданы Үштөбе қаласында Желтоқсан көшесі, 1 мекенжайындағы «Бәйтерек» сауда үйінің алдында;
- Сарқан ауданы Сарқан қаласы Тынышпаев көшесіндегі орталық алаңда.
«Алдағы уақытта Ақсу ауданы Жансүгіров ауылындағы, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылындағы орталық базарларда, Алакөл ауданы Үшарал қаласында Д. Қонаев көшесі, 73 мекенжайында орналасқан «Достық» сауда үйінің алдында, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылы Момышұлы көшесіндегі орталық алаңда, Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы мәдениет үйінің алдында мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыру жоспарда бар», – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.
Жалпы, Жетісу облысы жаңа оқу жылын 130 мыңнан астам оқушымен бастаса, соның 13 мыңға жуығы бірінші сынып оқушылары.
Бұған дейін, ата-аналар балаларын басқа мектепке онлайн ауыстыра алатыны туралы жазғанбыз.