Ozon қазақстандық заңды тұлғаға ауысқан сатушылар үшін тарифтерді 2 есе төмендетеді

Қазақстандық сатушылар үшін Ozon Қазақстан жаңа әрі тиімді жұмыс жағдайларын енгізуде. Бұдан былай отандық кәсіпкерлер маркетплейстің жергілікті заңды тұлғасымен, атап айтқанда «ОЗОН Маркетплейс Қазақстан» ЖШС-мен шарт жасай алады. Бұл оларға қазақстандық нарыққа бейімделген жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Әзірге жаңа шарттар тауарын өз қоймасында сақтайтын және Ozon (FBS схемасы) арқылы жеткізуді пайдаланатын сатушыларға ғана қатысты қолданылып отыр.
Компания қазақстандық сатушыларға арналған тариф саясатын қайта қарастырды. Атап айтқанда, сыйақы мөлшері, яғни тауарды сатқаны үшін маркетплейске төленетін белгіленген пайыз көлемі орташа есеппен 50%-ға төмендетілді: енді ол тауар санатына байланысты 20%-35% орнына 7%-15%-ды құрайды. Жаңа шарттар кәсіпкерлер үшін Ozon.kz арқылы сауда жүргізуді тиімдірек етеді. Мәселен, құны 100 000 теңге болатын смартфонды сатқан сатушы бұрынғы 23 268 теңгенің орнына 12 800 теңге сыйақы төлейді: нәтижесінде, үнем 2 есеге жуық соманы құрайды.
Логистикалық тарифтер де жеңілдетіліп, тиімді болып отыр: бір тауарды жеткізу құны оның көлеміне байланысты 750-3 050 теңге аралығына дейін өзгерді. Сонымен қатар, жеткізу, соңғы миль және сатып алу сияқты шығындар бөлек алынбайды. Бұл да сатушылардың шығынын азайтады.
Тағы бір маңызды өзгеріс — ұлттық валютаға толық көшу. Енді сатушылар теңгемен бағаны көрсетіп, кіріс-шығысын есептеп, балансты, тарифтерді және сатушының талдауын теңгемен қарай алады. Әзірге тек сайттың аналитикасы рубльде қалып отыр.
Төлем жүйесі де ыңғайлы бола түсті. Қазақстандық сатушылар ақшаны ең төменгі шекті көрсетпей-ақ Қазақстанның кез келген банкіндегі шотқа ала алады. Сондай-ақ төлем жиілігі айына екі реттен төрт есеге дейін ұлғайтылды, бұл кәсіпкерлерге айналым қаражатын тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді.
Құжат айналымы да қазақстандық кәсіпкерлер үшін үйреншікті стандарттарға ауыстырылды.
«Сатушылардың қазақстандық заңды тұлғамен серіктес болуы — бұл Озон дамуының заңды кезеңі. Қазірдің өзінде жергілікті бизнес тарапынан бізге деген сенімнің айтарлықтай өскенін көріп отырмыз: Ozon Қазақстанның 2025 жылдың 2-тоқсанындағы айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артты. Шарттарды жергілікті жағдайға қарай бейімдеу кәсіпкерлерге шығынын азайтуға, құжат айналымын және қаржылық операцияларды жеңілдетуге мүмкіндік береді, сонымен бірге қолданыстағы барлық артықшылықты, жекелей алғанда Қазақстан, Ресей және Қырғызстандағы 60,5 миллион Ozon тұтынушысына тауар ұсыну мүмкіндігін сақтап қалады», — деп атап өтті Ozon Қазақстан бас директоры Алексей Сапон.
Әзірге жаңа шарттар тек FBS схемасы бойынша (Ozon жеткізілімімен сатушының қоймасынан сату) жұмыс істейтін сатушыларға қатысты қолданылады. Жақын арада олар басқаша жұмыс істейтін сатушылар үшін де қолжетімді болмақ.
Ozon Қазақстан — штаб-пәтері Алматыда орналасқан көп санатты маркетплейс. 2021 жылдан бастап компания Қазақстандағы инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салады және елдегі интернет-сауда саласындағы әлеуметтік маңызы бар бес компанияның қатарына кіреді. Ozon.kz сайтында кітаптар мен киімдерден бастап азық-түлік пен тұрмыстық техникаға дейін жылдам және тегін жеткізілетін 370 миллионнан астам тауар атауы бар. Маркетплейсте 80 мыңнан көп жергілікті сатушы өз бизнесін дамытып отыр, ал белсенді сатып алушылар саны 700 мыңнан асты. Компания Қазақстанда тоғыз логистикалық орталықты басқарады, сонымен қатар елде тапсырыс беру пункттерінің желісін дамытып келеді.