«Прокурор таққан айыппен түбегейлі келіспейміз» – Берденовтің өкілі

Шымкент қалалық сотында өтіп жатқан сот ісінде қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің өкілі Жеңіс Тыныбек айыпталушы Ернар Жиембайға прокурордың таққан айыбы мен сұраған жазасына түбегейлі келіспейтінін мәлімдеді.
Жәбірленушінің заңды өкілі Жеңіс Тыныбектің жарыссөзде айтуынша, айыпталушы Ернар Жиембайдың кінәсі толығымен дәлелденді. Берденов Ернар Жиембайдың жұбайына «Руслан ұнады» деп лүпіл қойды, «ұнадың» деп пікір жазды дегені негізсіз, шындыққа жанаспайды. Бұл Берденовтің абыройына нұқсан келтірудің амалы. Сотталушының сот тергеуіне айтқан жауабы дәлелін таппады.
«Қорғаушылардың позициясы Руслан Берденовке жасалған қысым деп санаймын», – деді Берденовтің заңды өкілі.
Жеңіс Тыныбек прокуратура таққан айыппен де, жазамен де толығымен келіспейтінін айтып, оқиға орнында болған адамдарға да қауіп төнгендіктен, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 6-тармағына (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған «Адам өлтіру» әрекеті) жатады. Тыныбек куәлердің сөздерін назарға алмаған прокуратураға жеке қаулы шағаруды сұрайды.
«Прокуратура тарапынан аталған қылмыстық іс дұрыс сараланбаған. Жиембай Пірәлиев (айыпталушы Ернар Жиембайдың әкесі – ред.) бұрынғы прокуратура қызметкері болғандықтан жасалған қылмыстық істі жеңіл баппен дәрежелеп, сотқа жіберген. Соттан сұрарым Шымкент қаласының прокуратурасына жеке қаулы шығаруды сұраймын. Аталған санаттағы аса ауыр қылмыстық істердің айыптау актісіне қала прокуроры немесе оның орынбасары қол қою қажет. Оған жас процесуалдық прокурор қол қойып, сотқа жібереді. Сол себепті қала прокуроры жауапкершіліктен қашу мақсатында жасалған деп санаймыз», – деді Жеңіс Тыныбек.
Жарыссөзде прокурор соттан Жиембай Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді белгілеуді, қамаудағы бір күнін жаза мерзімінің бір жарым күніне есептеуді сұраған еді.