
Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің болашақ станцияларының атаулары белгілі болды. Бұл туралы шешім қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қабылданды. Депутаттар 18 аялдаманың атауын бекітті.
Маршрут бойында қысқа да түсінікті атаулар бар: «Әуежай», «Есіл», «Нұра». Сонымен қатар елорданың мән-мағынасына сай символикалық атаулар да ұсынылды: «Мәңгілік ел», «Ұлы дала», «Астана жұлдызы».
Бірқатар бекеттер қаладағы маңызды нысандарға байланысты аталды. Атап айтқанда: «Астана Арена», «Жекпе-жек сарайы», «Бәйтерек», «Ұлттық музей» және «Министрліктер үйі».
Сонымен бірге аялдамалар қатарында «Жібек жолы», «Мыңжылдық аллеясы», «Нұрлы жол» және «Театр» бар.
Енді мәслихат шешімі республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Егер аталған атаулар қолдау тапса, ресми түрде бекітіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада LRT жобасының барлық ұзындығы – 22,4 шақырымға рельстер төсеу жұмыстары аяқталғаны туралы жазған едік.