Жаңалықтар

Мейірман Шекеев: Шерзат ісі бойынша екі әйелдің тағдырын прокуратура шешеді

Мейірман Шекеев екі әйелдің ісін прокуратура тоқтатуы мүмкін екенін айтты / фото: KursivMedia коллажы
Мейірман Шекеев екі әйелдің ісін прокуратура тоқтатуы мүмкін екенін айтты / фото: KursivMedia коллажы

Мейірман Шекеев Шерзат Полатты өлтірген 8 қылмыскердің аппелляциялық шағымын өзгеріссіз қалдырғанын, екі әйелдің тағдырын прокуратура шешетінін айтты.

«Бірінші сатыдағы сот үкімін күшінде қалдырды. Аппеляциялық шағымды қанағаттандырмады. Екі әйел туралы жеке қаулы да өз күшінде қалды», – деді ол.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, Шерзат Полаттың өліміне қатысты Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбекова тағдырын прокуратура қарастырады. Бұл орган қылмыстық құрамның бар-жоғын анықтайды.

«Прокуратура зерттейді. Қылмыстық құрам табылса, прокуратура сотқа жолдауы тиіс. Олардың қанша жылға сотталатынын айту қиын. Өйткені, біз 420 бап – жалған айғақ беру бойынша, 434 бап – аса ауыр қылмысты хабарламау бойынша іс қозғауды сұрадық. Енді оның қорытындысын жасайтын – прокуратура», – дейді Мейірман Шекеев.

Оның айтуынша, әзірге екі әйелге ешқандай айып тағылып отырған жоқ.

«Тек сот қаулысымен прокуратураның назарын аудардық. Прокуратура тергеп-тексереді. Біз өтініш түсірдік. Прокуратура қолдады», – деді адвокат.

Оның пікірінше, екі әйелдің ісін прокуратура анықтайды.

«Істі қысқартуы да, тоқтатуы да мүмкін. Бұл туралы кесіп ештеңе айта алмаймыз», – деді Мейірман Шекеев.

Шерзат Полат ісіне куә ретінде қатысқан Дана Жақсыгелді мен Эльмира Нұрбековаға қатысты прокуратура тарабынан әлі ешқандай шара қолданылмаған. Бұл жайында Алматы облысы прокуратурасы жауабында айтылды.