
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Intel Corp. компаниясының 10% үлесін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы дереккөзіне сілтеме жасаған Bloomberg хабарлайды.
Осылайша, үкімет қиындықтарға тап болған чип өндіруші компанияның ең ірі акционерлерінің біріне айналуы мүмкін. Компанияның нарықтық капиталы шамамен 107,5 млрд доллар құрайды. Демек, мәміле көлемі 10,5 млрд доллар шамасында болуы ықтимал дейді сарапшылар.
Бұған дейін Ақ үй аталған үлесті сатып алу үшін US Chips Act аясында бөлінген қаражатты пайдалануы мүмкін екені хабарланған. Оған сәйкес Intel шамамен 10,9 млрд доллар көлемінде қолдау алған, бұл компанияның нарықтық құнының шамамен 10%-ына сәйкес келеді.
Биыл көктемде Intel бағдарламаланатын микросхемалар шығаратын Altera бөлімшесін сатпақшы екенін хабарлаған. Компания оның 51% акциясын инвестициялық қор Silver Lake-ке 8,75 миллиард долларға сатуға келісті.