Банк пен қаржы

Шағын және орта бизнеске деген сұраныс артып, ірі бизнеске ұсыныс азайды

Фото: shutterstock

2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы бизнес пен халық тарапынан несиеге деген жиынтық сұраныс бірінші тоқсан деңгейінде сақталды. Бірақ сегменттер бойынша айтарлықтай айырмашылық байқалды. Бұл туралы Ұлттық Банктің екінші деңгейлі банктер арасында жүргізген тоқсандық сауалнамада жазылған.

Ірі бизнес қарқынын бәсеңдетті

Есепті кезеңде ірі бизнес тарапынан несиеге деген сұраныс 15%-ға төмендеді. Сарапшылар мұны екі негізгі факторға байланыстырады:

  • ірі кәсіпорындарға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шектеулі болуы;
  • мемлекеттік даму институттарының тікелей қаржыландыруды банктерге қарағанда тиімдірек шарттармен ұсынуы.

Осының нәтижесінде ірі бизнес берген өтінімдер саны 200-ге дейін қысқарды, бірақ өтінімдердің орташа көлемі 12,9 млрд теңгеге дейін (+12%) өсті. Бұл ірі кәсіпорындардың көлемі аз, бірақ сомасы жоғары несиелерге бет бұрғанын көрсетеді.

Орта бизнес белсенділік танытты

Орта бизнес керісінше несиеге қызығушылық білдірді. Өтінімдер саны тоқсандық мәнде 15%-ға өсіп, 5,3 мыңға жетті. Орташа өтінім сомасы да 20%-ға артып, 924 млн теңгені құрады.

Бұл өсімге мемлекеттік қолдау бағдарламалары, банктердің жаңа өнімдерді жетілдіруі және маркетингтік науқандар әсер етті. Сондай-ақ несие шарттарының жеңілдеуі де маңызды рөл атқарды:

  • кепілге қойылатын активтер бойынша аумақтық шектеулер әлсіреді;
  • қарыз алушыларды бағалау кезінде талаптар жеңілдеді;
  • несие көлемінің ең жоғарғы шегі артты.

Шағын бизнес тұрақтылық көрсетті

Шағын бизнес тарапынан несиеге өтінімдер саны 912 мыңға жетіп, тоқсандық мәнде 3%-ға өсті. Бірақ орташа несие көлемі 14%-ға қысқарып, 30,4 млн теңгеге дейін төмендеді. Бұл шағын кәсіпкерлердің аз сомадағы, қысқа мерзімді несиелерге көбірек жүгінетінін байқатады.

Шағын бизнес өтінімдерінің мақұлдану коэффициенті 33% деңгейінде қалды. Ірі бизнес үшін бұл көрсеткіш 56%, ал орта бизнес үшін 32% болды.

Бөлшек несиеге сұраныс жоғарылады

Екінші тоқсанда халық тарапынан барлық бағыттағы бөлшек несиеге сұраныс өсті:

  • Ипотека: өтінімдер саны өзгермей 242 мың болды, бірақ орташа көлемі 17,4 млн теңгеге жетті (+5%). Өсімге мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар мен құрылысшылар субсидиялайтын серіктестік жобалар әсер етті.
  • Кепілді тұтынушылық несие: өтінімдер саны 52 мыңға жетті (+2%), орташа сома 15 млн теңге болды (+17%).
  • Кепілсіз несие: өтінімдер саны өзгеріссіз 18,3 млн, ал орташа сома 1,13 млн теңгеге көтерілді (+10%). Дегенмен, кейбір банктер сыйақы мөлшерлемесін қатаңдатып, сұраныстың одан әрі өсуін шектеді.
  • Автонесие: өтінімдер саны 1,6 млн-ға жетіп, тоқсандық мәнде 16%-ға артты. Ал орташа өтінім мөлшері 7,25 млн теңгеге дейін төмендеді (-8%). Бұл банктердің автосалондармен серіктестік бағдарламалар іске қосып, автонесиені ішінара субсидиялауымен түсіндіріледі.

Болашаққа болжам

Банктердің болжамынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында кепілді тұтынушылық несие мен автонесиеге сұраныс аздап өседі. Ал ипотекалық қарыздар мен кепілсіз несиелерге сұраныс біраз төмендеуі мүмкін.

Ұлттық Банк сауалнамасына 19 екінші деңгейлі банк қатысты. Ресми орган мұндай сауалнаманы тоқсан сайын жүргізіп, несиеге деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді талдайды.