Жаңалықтар

Тайландқа барған туристер криптовалютаны батқа айырбастай алады

Фото: Bangkok Post

Тайланд билігі шетелдік туристерге криптовалютаны пайдалану мүмкіндігін бермекші деп жазады Bangkok Post. Енді ол елге барған туристер криптовалютаны тай баттарына айырбастай алады.

Жаңа жүйе шетел азаматтарына лицензияланған операторлар арқылы криптовалютаны тай баттарына ауыстыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, цифрлық активтерді тікелей төлем құралы ретінде қолдануға болмайды. Айырбасталған баттар реттелетін электронды ақша платформалары арқылы жұмсалады.

Алғашында жоба тек Пхукет аралында сынақтан өтпек болған. Енді туристер бүкіл Тайланд аумағында криптовалютаны батқа ауыстырып, тауарлар мен қызметтер үшін QR-код арқылы төлем жасай алады.

Тайландта ресми түрде криптовалютаны төлем құралы ретінде қолдануға тыйым салынған. Алайда инвестиция және биржалық сауда үшін алты цифрлық активке рұқсат берілген: стейблкоиндер USDT (Tether) және USDC (Circle), сондай-ақ Bitcoin (BTC), Ethereum (ETH), Ripple (XRP) және Stellar (XLM).