Авто

Алты орындық, жол талғамайтын Tesla YL бағасы жарияланды

Tesla YL / фото: Tesla China-ның Weibo-дағы аккаунты
Tesla YL / фото: Tesla China-ның Weibo-дағы аккаунты

Tesla компаниясы алты орындық, жол талғамайтын YL автокөлігі қанша тұратынын жариялады. Автогигант жаңа өнімін табысы орташа отбасыларға көбірек сатуды көздеп отыр.

19 тамыз, сейсенбі күні Tesla компаниясы Қытайдың Weibo әлеуметтік желісінде YL үлгісіндегі жаңа автокөліктің бағасы қанша тұратын жариялады. Ол бар болғаны 339 мың юань (шамамен 25 млн теңге) тұрады. Доллардың қазіргі бағамымен есептесек, 47 мың доллар шығады.

Алты орындық, жол талғамайтын электромобиль 2025 жылғы қыркүйекте саудаға шығады деп жоспарланған.

YL үлгісі, бұған дейінгі Y үлгісіне қарағанда, шамамен 15 сантиметрге ұзын. Себебі мұнда үшінші қатарға орындық қойылған. Электрокарды бір мәрте қуаттағанда, ол 751 шақырымға дейін жетеді.

Bloomberg мәліметінше, енді Tesla осындай арзан бағамен Li Auto қытай компаниясының L8 көлігімен, сонымен бірге Huawei-дің Aito M8 көлігімен де бәсекеге түсе алады.

Миллиардер Илон Масктің компаниясы Қытай нарығындағы сұранысы азайып бара жатқан соң, бағаны түсіруге мәжбүр болған. Өйткені Tesla-ның Шанхайдағы зауыты шығаратын өнімдері шілде айында аз сатылған.

Әлем автонарығында ай сайын жаңа электромобиль шығып жатыр. Сол себепті америкалық компания да нарыққа бейімделуді жөн көрген. Мәселен, Tesla тамызда Қытайға қуаты ұзаққа жететін жаңартылған седанын таныстырған.