«Қайрат» пен «Селтик» матчына билет 1 жарым сағатта сатылып кетті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
фото: "Қайрат" ФК
Фото: «Қайрат» ФК

19 тамызда «Қайрат» пен «Селтик» клубтарының Алматыдағы кездесуіне билет Tiketon-да бір жарым сағаттың ішінде сатылып кетті.

Алматылық «Қайрат» пен шотландиялық «Селтик» 26 тамызда Орталық стадионда қарымта матч өткізеді. Бұл екеуі УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу турының плей-офф сериясында кездеседі. Екі кездесуде жеңіске жеткен команда дүбірлі турнирдің топтағы сайысына жолдама алады.

Жанкүйерлер де қарымта кездесудің маңызды екенін түсінеді. Олар билет саудаға түскен сәттен бастап-ақ мыңдаған адам Tiketon сайтына кезекке тұрды. Билет бәріне жетпеді. Бір жарым сағаттың ішінде бәрі сатылып кетті. Орталық стадионға шамамен 24 мың адам кіре алады.

Оның үстіне, Алматы стадионында тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады. Жанкүйерлердің бәрі тарихи сәттің куәсі болғысы келеді.

Екі клуб арасындағы алғашқы кездесу 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні Глазгода өтеді Матч Астана уақытымен сағат 23.55-те басталады. «Қайрат» Шотландияның 55 дүркін чемпионымен кездеседі.

Бұған дейін Kursiv.Media «Қайрат» клубының Чемпиондар лигасында қанша ақша тапқанын есептеп шыққан.

Маңызды матч қарсаңында, 17 тамызда «Қайрат» күтпеген жерден Алматыда «Елімайдан» (Семей) жеңіліп қалған.

Сондай-ақ оқыңыз