Трамп, Зеленский және Еуропа лидерлерінің келіссөзі нәтижелі аяқталды

18 тамызда Украина президенті Владимир Зеленский мен Еуропаның жеті елінің жетекшісі Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Ақ үйдегі келіссөздер барысында Құрама Штаттардың Украина қауіпсіздігіне кепіл болу мәселесі талқыланды.
Келіссөздерге кімдер қатысты
Зеленскиймен бірге Вашингтонға Еуропаның жеті лидері ере келді. Олар: Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Финляндия президенті Александр Стубб, Ұлыбритания премьер министрі Кир Стармер, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, НАТО бас хатшысы Марк Рютте.
Әуелі Зеленский мен Трамп бетпе-бет кездесді. Содан кейін келіссөздерге Еуропа елдерінің басшылары араласты.

Келіссөз нәтижелері
Қазірдің өзінде Вашингтондағы кездесулерді нәтижелі аяқталды деуге болады. Ақ үйде бірнеше маңызды мәселе бойынша келісім жасалды.
Атап айтқанда, үшжақты келіссөз өту мүмкіндігі жоғарылай түсті. Трамптың айтуынша, Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуіне дайындық басталып кетті. Осы екеуі жүздескен соң, Ақ үй үшжақты кездесу өткізеді. Украин президенті Ресей басшысымен «түрлі форматта» жүздесуге дайын екенін мәлімдеді. Мерцтің айтуынша, Путин Зеленскиймен алдағы екі апта көлемінде кездесуге келіскен.
Бұған қоса, Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі де ілгері жылжыды. Енді Киев АҚШ-тан 90 млрд долларға қару-жарақ сатып алады. Оның ақысын Еуропа елдері төлейді. Сонымен бірге Украина әскери дрондар өндіреді. Оның бір бөлігін АҚШ-тан сатып алады. Мәселе әлі талқыланып жатыр. Ресми келісім келесі аптада немесе он күн ішінде дайын болады.
Жер алмасу, Украина шекарасын бекіту мәселесі Вашингтонда талқыланған жоқ. НАТО бас хатшысының айтуынша, Зеленский оны Ресейдің қатысуымен өтетін үшжақты кездесу барысында талқылауға келіскенін мәлімдеген. Алайда, Трамптың кеңсесінде ұрыс алаңының картасы ілулі тұрды. Зеленскийдің мәлімдеуінше, ол Трамппен осы картаны ұзақ талқылаған.
«Мен картадағы үлес салмағына қатысты сөз таластырдым, өйткені ұрыс алаңын жақсы білемін. Бұл жолы өте көп жер басып алынды деуге болмайды. Мұны айту маңызды», – деп мәлімдеді Зеленский ұрыс алаңына қатысты карта туралы.
Кім не дейді
«Бәрі Ресей мен Украина арасында бейбітшілік орнату мүмкіндігі ұлғайғанына дән риза. Кездесу аяқталған соң мен президент Путинге хабарласып, оның Зеленскиймен кездесуіне дайындықты бастап кеттім. Жүзде өтетін орын анықталады», – деп жазды Трамп өзіне тиесілі әлеуметтік желіге.
«Бізге кездесіп, соғысты аяқтау жолдары туралы ойлану керек деп есептеймін», – деп жауап берді украин президенті Ресей басшысымен кездесуге қатысты сауалға.
«Біз осы күнге дейін белгісіз болып келген маңызды мәселелер бойынша келістік. Бүгін Құрама Штаттармен қауіпсіздікке кепіл болуы, әріптестік орнату бойынша бірге жұмыс істеуге сөз байластық. Әр ел кепіл болуға дайын», – деді Макрон.
«Бүгінгі кездесу өте жақсы өтті. Нәтижесі көп болды. Еуропа жетекшілері арасында бірлік бары, президент Трамппен, президент Зеленскиймен түсіністік бары байқалып тұрды», – дейді Стармер.
Естеріңізге сала кетейік, үш күн бұрын Трамп пен Путин Аляскада кездесіп, украин мәселесін талқылаған.