Жаңалықтар

Қызмет ету мерзімі өткен вагондарға шектеу енгізіледі – министр

Мерзімі өткен вагондарға шектеу енгізу ұсынылды / Фото: kursiv.media архиві

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қызмет ету мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға шектеу енгізілетінін айтты.

«Осы шара отандық темржол көлік өндірушілерін қосымша тапсырыстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бүгінде отандық өндірушілерден ҚТЖ үшін жүк вагондарын сатып алуға проценттік ставканы субсидиялауға бөлінген қаражат көлемі төмен. Осыған байланысты, аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет»,– деп мәлімдеді министр үкімет отырысында.

Ведомство басшысы өндірістерді тапсырыспен қамтамасыз ету мақсатында ұзақ мерзімді перспективада оффтейк-келісімшарттар жасау мәселесін пысықтау қажет дейді.

«Мәселен, биыл Қазақстан вагон құрастыру компаниясының ҚТЖ-ға жүк вагондарын жеткізу келісімшарты аяқталды. Оффтейк-келісім-шарттар отандық өндірушілерді тұрақты тапсырыс көлемімен қамтамасыз етіп, өндірістік қуатты жоспарлы түрде толық пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, вагон шығаратын зауыттар өндірісте отандық материалдар мен бөлшектердің үлесін көбейтуге міндетті болады», деді Ерсайын Нағыспаев.

Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев теміржол желісінің тозу деңгейі 57%-ға жеткенін мәлімдеді.

«Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Осы проблемаларды шешу үшін 2029 жылға дейін 5 мың км жаңа жол құрылысы мен жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр», деді министр.

Айта кетейік елімізде шығарылғанына 30 жыл болған 600 вагон бар. ҚТЖ ескі вагондардан 2030 жылы толық құтылмақ.