Ғылым саласындағы былық: аудиторлар 1,7 млрд теңгеге қаржылық заң бұзуды анықтады

Жоғарғы аудиторлық палата ғылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатының қаншалықты тиімді пайдаланып жатқанын тексерді. Аудиторлар Ғылым және жоғары білім министрлігінен бастап, оған қарасты барлық ұйымдардың қызметін тексеру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде 1,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 24,2 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау және 42,5 млрд теңгеге тиімсіз жұмсалған қаражат анықталды.
Қандай заң бұзушылықтар анықталды
Шығын көлемі кей жағдайда қаржыландырудан асып кеткен
Ғылымды қаржыландыру жалпы көлемі 219 млрд теңгеге дейін өскеніне қарамастан, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін нақты шығын үлесі әлі де оңтайлы деңгейден төмен. Аудиторлар ғылыми әзірлемелерді нақты сектордың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тәжірибеге енгізуді күшейту қажет екенін атап өтті.
Стратегиялық жоспарлаудағы кемшілік
Бағдарламалық құжаттарда көрсетілген ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі министрліктің даму жоспарында толық көрініс таппаған. Ғылым комитеті мен салалық мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың болмауы ғылыми әзірлемелерді енгізуге кедергі келтіруі мүмкін.
Ұлттық ғылыми кеңестердегі мүдделер қақтығысы
Аудит барысында ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің бір мезгілде бірнеше қаржыландырылатын жобаларға қатысқаны анықталды. Бұл мүдделердің қақтығысы қаупін арттырады. Сонымен қатар, кеңес мүшелерінің ережеге қайшы жобаларды мақұлдағаны, сараптамалық қорытындыларды елемегені немесе бұрын мақұлданған бастамалардың қаржыландыруын тоқтату үшін жауапкершілік қарастырылмаған.
Конкурстық іріктеу мен сараптамадағы кідірістер
Ғылыми конкурстардың жариялануы жиі кешігіп отырған, кейбір жағдайларда бұл мерзім 500 күннен асып кеткен. Сондай-ақ, ғылыми-техникалық сараптама рәсімдері де белгіленген мерзімдерден кеш өткізілген, бұл жобаларды іске асыру қарқынын баяулатқан.
Ғылыми жобаларға мониторингтің әлсіздігі
Қаражатты пайдалану мен нәтижелерге қол жеткізуді бақылау жеткілікті деңгейде жүргізілмеген. Ескертулер мен толықтыру ұсынылған жобалар кемшіліктер жойылмағанына қарамастан, қаржыландыруын жалғастырып отырған.
Коммерцияландыру мәселелері
Ғылым қорының аяқталған 42 жобасының бірде-біреуі жоспарланған сату көлеміне жете алмаған. Ал сегіз жоба бойынша өнім мүлде шығарылмаған. Бұл коммерцияландырудың тиімділігі өте төмен екенін көрсетеді.
Мақсатсыз қаражат жұмсау
Алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының жанынан инжинирингтік орталықтар мен технопарктер құру аясында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және сатып алу құнын асыра көрсету фактілері анықталды.
Аудит қорытындысы
Анықталған заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 68,4 млрд теңге. Оның ішінде:
- Қаржылық бұзушылықтар — 1,7 млрд теңге;
- Тиімсіз жоспарлау — 24,2 млрд теңге;
- Қаражатты тиімсіз пайдалану — 42,5 млрд теңге.
Бөлек заңбұзушылық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Есеп комитеті (Жоғарғы аудиторлық палата) Үкіметке, Ғылым және жоғары білім министрлігіне және өзге де салалық мекемелерге анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар мен тапсырмалар жолдады.
Ұсыныстардың ішінде:
- Қаражаттың жұмсалуын бақылауды күшейту,
- Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру,
- Процедуралардың ашықтығын арттыру сынды шаралар бар.