
«ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Асан Үмбетовтің онлайн жиналыста қарамағындағы қызметкерлеріне дөрекі сөйлеген видеосын желіге кімнің таратқаны анықталып жатыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов айтты.
«ҚТЖ» басшысы балағат сөздер айтқан Асан Үмбетовті керісінше қорғап, ақтап алуға тырысты.
«Бүгінде ҚТЖ-ның өндірістік жиналысынан ақпараттың таралуына байланысты тергеу жүріп жатыр. Ақпараттың сыртқа таралып кетуі негізінен күрделі мәселе, ол бізге салдарын тигізді», – деді Талғат Алдыбергенов үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
БАҚ өкілі Үмбетовтың бейәдеп сөздер айтуына бір машинисттің рельстен шығып кеткен вагондарды 13 шақырымға дейін сүйреп апаруы себеп болғанын еске салды.
Талғат Алдыбергенов Асан Үмбетов компания мен жолаушылар қауіпсіздігі үшін алаңдағандықтан эмоцияға ерік бергенін айтады. Ал машинистке және оның көмекшісіне сөгіс жарияланған.
«Менің ойымша, оның (Үмбетовтің) қатты айтқаны керісінше жақсы нәтиже берді. Үлкен қателік жіберген машинистер өз қателіктерін түсінді, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бізде жазалау кезең-кезеңімен жүреді алдымен желілік кәсіпорын деңгейінде, кейін еншілес компания деңгейінде», – деді Алдыбергенов.
Еске салайық әлеуметтік желіде «Қазақстан темір жолы» компаниясының онлайн-жиынынан түсірілген бейнежазба кеңінен тарады. Онда басшылардың бірі бағыныштыларға бейәдеп сөздер айтқан. Бұл жазба қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.