Lifestyle

Қазақстан Азияны біріктіретін музыкалық алаңға айналады

Қазақстан Азияны біріктіретін музыкалық алаңға айналады / Фото: Jibek Joly

Алдағы қараша айында Астанада Азия мемлекеттері арасында алғаш рет «Silk Way Star» атты халықаралық музыкалық байқау өтеді.

Ауқымды жобаның аясында Азияның 12 елінен талантты орындаушылар бақ сынайды. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында жобаның атқарушы продюсері Мұқағали Қуатұлы мен шеф-редакторы Қасымхан Алдашев мәлімдеді.

Байқау Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылады. Жоба Қытайдың орталық телеарналарында 105 минуттан тұратын 10 эпизод түрінде көрсетілмек.

«Жобаны Астанада өткізуіміздің басты себебі – елорданы шетелдік қатысушыларға көрсету. Қатысушылар 12 елден іріктелді. Іріктеу процесі сол мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктері және сол елдердің мәдениет басқармалары арқылы жүргізілді. Жалпы саны 80-ге жуық өтінім келіп түсті. Соның ішінен өз өңірлерінде белгілі белеске жеткен әншілер таңдап алынды. Іс-шара тек вокалдық шеберлікті ғана емес, сахналық өнер мен артистизмді қажет ететін байқау. Осыны ескере отырып, Қазақстан атынан Alem лақап атымен танылған Батырхан Мәлікті таңдадық. Ол – соңғы жылдары ел ішінде жарқырай танылған дарынды орындаушы», – деді Мұқағали Қуатұлы.

«Silk Way Star» - Азия музыкасының үні | «Маша мен аю» қазақша сөйлейді | Бүгін.Live | 19.08.2025

Жобаның басты ерекшелігі – бұл қарапайым ән байқауы емес, мәдени алмасу алаңы. 

«Әр елден бір-бірден, жалпы 12 қазылар алқасы жұмыс істейді. Олар өз мемлекеттерінде танымал әншілер, продюсерлер және мәдениет саласына еңбегі сіңген мамандар», – Қасымхан Алдашев.