«25 жыл берсе де алып кете берші деп өтініш жасадым» – Айыпталушының әкесі

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған Ернар Жиембайдың әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Жиембай Пірәлиев ұлына қатысты шыққан үкімге қатысты пікір білдірді.
Пірәлиев Ернар Жиембайды 9 жылға соттау туралы үкімге апелляциялық шағым түсіру, не түсірмеу туралы «ақылдасамыз» деді.
«Бірақ біздің сұраған бабымыз бойынша (Қылмыстық кодекстің 106-баптың 1-бөлігі – ред.) жазасын бермеді. Берденов шекарадан өтіп кетті. Келінім өсіп-өнген жердің қызы. Соған лайк басып, тағы да басқа әрекеттер бар, оның бәрін балам отбасын сақтап қалу үшін ішіне жұтып кетті. Келініміздің жан-дүниесін қинамайық деп балама да бірнеше рет келін туралы айтпай-ақ қойшы, 25 жыл берсе де алып кете берші деп өтініш жасадым. Көп нәрселер айтылмай тек лайк басумен шектелдік», – деді Пірәлиев.
Қоғамдық қорғаушы Берденовтің ең басты қателігі тәкаппарлығынан екенін айтады. Ол Ернар Жиембай мемлекеттің қаржысын жымқырды деген ақпаратты да түсіндіріп, жоққа шығарды.
«Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаладағы тұрғын үйлердің шатырын жөндейтін мекеме. Оның ақшасын төлейтін сол тұрғын үйдің тұрғындары. Жөндеу жұмысын несиемен тұрғындар төлейді», – деді Пірәлиев.
Үкімге байланысты жәбірленуші Руслан Берденовтің заңды өкілі Жеңіс Тыныбектен пікір алу мүмкін болмады.
Сот Ернар Жиембайды Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Оның қамаудағы бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелді. Жиембай ұсталып, қамауда жатқанына 4 ай болды.