Сотталған ХҚКО басшысы «жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігінен» қайтыс болған

Мамандандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшысы, айыпталушы Жомарт Мұрашимов «жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігінен» қайтыс болған. Шымкенттегі қалалық денсаулық сақтау басқармасы қаладағы Курсив тілшісіне Мұрашимовтың қайтыс болуына қатысты ақпарат берді.
Басқарма мәліметінше, айыпталушы №69 тергеу изоляторында болған кезде профилактикалық тексеруден өткен. Бейінді мамандардан кеңес алған. Жүргізілген зерттеулер мен тексерулердің нәтижесінде оның артериялық гипертония, бронх демікпесі, және остеохондроз созылмалы ауруымен ауыратыны белгілі болды. Мекемеде қажетті дәрі-дәрмектер берілген.
«2025 жылғы 18 тамызда сотталушының жағдайы күрт нашарлады. Қан қысымы 240/120-ға көтерілді. Жедел ми қан айналымының бұзылуы белгілері тіркелді. Жедел медициналық жәрдем бригадасымен оны №1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізіліп, нейрореанимация бөліміне «жедел ми қан айналымының бұзылуы (геморрагиялық түрі)» диагнозымен жатқызылды», – деп жазылған хабарламада.
Дәрігерлер тиісті медициналық көмекті толық көрсеткенімен, 19 тамыз күні сағат 10:46-да айыпталушы Мұрашимов жан сақтау бөлімінде қайтыс болған. Басқарма өлім себебін «жедел жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігі, көп ағзалық жеткіліксіздік» деп көрсеткен.
«Аталған дерек бойынша материалдар құқық қорғау органдарының бірыңғай тіркеу кітабына енгізілді. Медициналық қызметкерлердің іс-әрекетіне қатысты тексерулер жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады» делінген хабарламада.
Жомарт Мұрашимовтың өлімі жайлы оның қорғаушысы Талған Есімов хабарлады. Қорғаушы оны тергеу изоляторында комаға түсіп, аурухананың жан сақтау бөлімінде есін жимай қайтыс болғанын айтты.
Бүгін айыпталушы 37 жастағы Жомарт Мұрашимовты туыстары мен жақындары жерледі. Ол Қылмыстық кодекстің «Заңсыз сыйақы алу» бабы, «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабы және «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен айыпталған. Бірақ қорғаушысының сөзінше, Мұрашимов кінәсін мойындамады.
Марқұм бұған дейін денсаулығына байланысты соттан бірнеше рет үйқамаққа жіберуді сұрағанымен, оның өтініші қанағаттандырылмаған. Сот мұны тергеу изоляторындағы медициналық санитарлық бөлімнің оның денсаулығы түрмеге жатуға жарамсыз деген анықтама бермегенімен түсіндірген.
Бұдан бұрын Шымкент қалалық прокуратурасы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшылығы мен қызметкерлерінің заңсыз жүргізуші куәлігін рәсімдеуге жол берген 15 адамға қатысты істің сотқа жеткенін хабарлаған. Прокуратура дерегінше, күдіктілер бұл қызметі үшін 150 мың теңгеден бастап 400 мың теңгеге дейін ақы алып отырған. Сөйтіп айыпталушылардың табысы 150 миллион теңгеден асқан.