
Шымкент қаласында №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша қамауда жатқан айыпталушы Жамарт Мұрашимов қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл туралы оның қорғаушысы Талғат Есімов мәлім етті.
Қорғаушының мәліметінше, Мұрашимов тергеу изоляторына комаға түскен. Аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілгенімен есін жимай жаны үзілген. Мұрашимовтың бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа не кепілмен босату туралы арызын сот қанағаттандырмаған.
«Мұрашимов адамның жеке басына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша күдікке ілінбеген, экономикалық қылмысқа қатысты айыпталған. Сотқа оның денсаулығына қауіп төндіретін ауруға шалдыққанын айттық. Тиісті медициналық құжаттар ұсындық. Алайда тергеу соты №69 тергеу изоляторының медициналық санитарлық бөлімшесінің жетекшісі Мұхит Танабековтен онлайн жауап алды. Танабеков Мұрашимовтың денсаулығы бақылауда екенін жеткізді. Сот күдіктінің бұлтартпау шарасын өзгертпей, қамауда қалдырды», – деп жазды қорғаушы.
20 тамызда Шымкент соты заңсыз жүргізуші куәлігін рәсімдеген №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен олардың серіктеріне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауын қарауды бастады. Мұрашимов іс бойынша басты айыпталушылардың бірі болған.
Марқұм №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы болып жұмыс істеген.
Сотта мәлім болуынша, бүгін айыпталушы Жомарт Мұрашимовтың жерлеу рәсімі өтеді. Оның қорғаушысы Болат Елмұрзаевтың Курсивке айтуынша, Мұрашимов бірнеше ауруға шалдыққан, инсульт алған.
Мұрашимов алдын ала тыңдауына келіп, соттан денсаулығына байланысты үйқамаққа жіберуді сұраған еді. Сот оның талап-тілегін қанағаттандырмаған болатын.
«Мұрашимовты КУИС-ке қарасты №63 мекемесіне арнайы медицина мекемесі қадағалайды. Алайда аталған мекеменің әкімшілігінен Мұрашимовтың денсаулығына байланысты бұлтартпау шарасы қажеттілігі туралы ұсыныстар түскен жоқ», – деген еді судья Самидин Темірәлиев.
Мұрашимов Қылмыстық кодекстің «Заңсыз сыйақы алу» бабы, «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабы және «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен айыпталған. Оның қорғаушысының сөзінше, Мұрашимов кінәсін мойындамаған.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы Мурашимовтың өліміне қатысты әзірге пікір білдірмеді.
Бұдан бұрын Шымкент қалалық прокуратурасы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшылығы мен қызметкерлерінің заңсыз жүргізуші куәлігін рәсімдеуге жол берген 15 адамға қатысты істің сотқа жеткенін хабарлаған. Прокуратура дерегінше, күдіктілер бұл қызметі үшін 150 мың теңгеден бастап 400 мың теңгеге дейін ақы алып отырған. Сөйтіп айыпталушылардың табысы 150 миллион теңгеден асқан.