Жаңалықтар

Abu Dhabi Plaza-да ғимаратты жалға алған кәсіпкерлер митинг өткізбек

Абу-Даби Плаза
Abu Dhabi Plaza-да ғимаратты жалға алған кәсіпкерлер митинг өткізбек / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Астанада Abu Dhabi Plaza кешенінің жалға алушылары мен әкімшілігі арасында жанжал өршіді. Сауда орталығында орын жалдайтын кәсіпкерлер қысым көріп жатқанын айтып, әкімдікке митинг өткізу туралы өтініш жолдаған. Ал СОО-ны басқаратын «Aldar Euroasia Property Management» ЖШС бұны жоққа шығарып, заң мен келісімшарт аясында әрекет етіп отырғанын мәлімдеді.

«Миллиондап қаржы салдық, ал бізді жай ғана қуып жатыр»

Expresso Coffee Bus кофеханасының иесі (жеке кәсіпкер «Iskander») Олжас Сүтемгенов кешенмен келісімшартты 2020 жылғы қарашада жасасқанын айтады. Жобаға 60 млн теңгеден астам қаржы салған, ал төрт жарым жыл ішінде жалдау ақысы ретінде 100 млн теңгеден көп төленген.

«Біз шамамен 20 млн теңгемен кіріп кетеміз деп ойладық. Бірақ бәрі әлдеқайда қымбатқа түсті. Туыстардан, тіпті анамнан қарыз алуға тура келді. Кейін пандемия басталды, тек мекемеден алып кету арқылы жұмыс істедік. Ұсақ несиелермен амалдадық», – деді ол.

Сүтемгеновтің айтуынша, 2025 жылғы мамырда Abu Dhabi Plaza әкімшілігі келісімшартты себебін түсіндірместен бұзған.

«Келісімшарт мерзімі бітуге таяғанда, жалдау бөліміне алдын ала барып, ұзарту мәселесін талқылағым келді. Бірақ бәрі созылып кетті. Ақыры келісімшартты ұзартпайтынын айтты: наурызға дейін ғана қысқа мерзімді келісім жасастық, ал сәуірде ол аяқталды. Мамырда жаңа келісімге қол қойдық, бірақ өзгеріс енгізу мүмкіндігі болмады. Қол қойғаннан кейін 20 күн өткен соң, бізге келісімшарттың бұзылғаны туралы хабарлама келді. Ешқандай себеп көрсетілмеді», – деп атап өтті ол.

Ол сондай-ақ келісімшартты бұзу туралы ескертуді басқа жалға алушылар да алғанын, олардың ішінде белгілі брендтер де бар екенін айтты. Олардың бірі өз еркімен кеткен, ал кейбірі соттасуға шешім қабылдаған. Наразы кәсіпкерлер арасында Expresso Coffee Bus-тен бөлек, Mary мейрамханасы («GastroHill» ЖШС), China City кафесі (жеке кәсіпкер «Бек») және «GMC Company» ЖШС бар.

Кәсіпкерлер неге бұл әрекеттерді заңсыз деп санайды

«Iskander» ЖК-нің мүддесін қорғаушы «7roads» ЖШС директоры Арғын Ысқақбеков әкімшіліктің әрекеті заңға қайшы екенін айтады. Ол 2025 жылғы 19 мамырда жасалған субаренда шартының (мерзімі – 2026 жылғы 9 наурызға дейін) 6.2 тармағы жалға беруші сілтеп отырғандай келісімді біржақты бұзу құқығын бермейтінін, тек бұзу рәсімін сипаттайтынын айтады.

ҚР Азаматтық кодексінің 556-бабына сәйкес, жалға беруші келісімді тек жалға алушы тарапынан елеулі бұзушылықтар болса ғана бұза алады және алдымен оларды жоюға уақыт беруге тиіс. Ысқақбековтің айтуынша, «Iskander» ЖК тарапынан мұндай бұзушылықтар тіркелмеген және оларды түзету туралы ескерту жасалмаған.

«Біржақты бас тарту тек заңда (ҚР АК 404-бабы) немесе келісімшартта тікелей көзделген жағдайларда ғана мүмкін. Мысалы, міндеттемені орындау мүмкін болмаған кезде, банкроттықта немесе мемлекеттік актінің күші жойылғанда. Бұл жағдайлардың ешқайсысы болған жоқ. Мұндай әрекет теңгерімсіз әрі әділетсіз көрінеді», – деп атап өтті Ысқақбеков.

«GastroHill» ЖШС өкілі Аржан Садуақасовтың айтуынша, 2025 жылғы 19 маусымда СОО-ның әкімшілігі сот шешімінсіз Mary мейрамханасына келушілердің кіруін шектеп, электр қуатын өшірген. Соның салдарынан 1,8 млн теңге көлеміндегі азық-түлік бүлінген.
Компания полицияға «өз бетінше әрекет ету» фактісі туралы арыз жазған, бірақ істі қараудан бас тартқан, себебі мәселе азаматтық-құқықтық қатынастар аясында қаралады деп көрсеткен.

«Егер сіз ғимаратты жалға алсаңыз, меншік иесі сияқты барлық құқыққа ие боласыз, тек оны сатуға немесе иелік етуге болмайды. Сондықтан жалға беруші сот шешімінсіз кіреберісті жауып немесе коммуналдық қызметті өз бетінше ажырата алмайды», — деп түсіндірді Садуақасов.

Митинг қашан өтеді

Бірнеше кәсіпкер Астана әкімдігіне сауда орталығы алдында митинг өткізу туралы хабарлама жіберген. Олардың қатарында Expresso Coffee Bus кофеханасы («Iskander» ЖК), Mary мейрамханасы («GastroHill» ЖШС), China City кафесі («Бек» ЖК) және жылжымайтын мүлікті жалға беретін «GMC Company» ЖШС бар.

Акция 21 тамызда сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін Астанадағы «Абу-Даби» сызықтық паркінде өтеді. Хабарламада акцияның дыбыс күшейткішсіз өтетіні және оған 30-дан 50-ге дейін адамның қатысатыны көрсетілген.

Кәсіпкерлер 2025 жылғы 18 тамызда Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысымен кездесіп, жағдайды баяндаған. Олардың айтуынша, басқарма басшысы Халел Акимжанов объективтілік үшін жалға берушінің де көзқарасы тыңдалатынын айтқан.

Abu Dhabi Plaza әкімшілігінің ұстанымы

«Курсив» сұрауына жауап берген Abu Dhabi Plaza баспасөз қызметі жалға алушыларға жылдар бойы жеңілдіктер, икемді шарттар мен кеңес беріп келе жатқанын хабарлады.

«Соңғы күндері келісімшарттары заңды түрде бұзылған аз ғана топ БАҚ арқылы негізсіз айыптау таратып жатыр. Abu Dhabi Plaza әкімшілігінің барлық әрекеті Қазақстан заңнамасына және жасалған жалдау шарттарына толық сәйкес жүргізілді», – делінген ресми мәлімдемеде.

Abu Dhabi Plaza әкімшілігі кіруге шектеу қою немесе коммуналдық қызметті ажырату сияқты шаралар ешқашан өз бетімен қолданылмағанын, тек төтенше жағдайда ғана пайдаланылғанын атап өтті. Сонымен қатар, кейбір жалға алушылар жүйелі түрде жалдау мен коммуналдық төлемдерді ұзақ уақыт төлемегенін айтты.

«Жобаның беделін түсіруге бағытталған жалған айыптауларды біз түбегейлі жоққа шығарамыз. Шындық заңды жолмен анықталатынына сенімдіміз», – деді баспасөз қызметі.

Бұған дейін «Abu Dhabi Plaza бизнес-орталығының жанындағы №112 станса аумағына LRT-ның екінші құрамын қойғанын, оның сынақ түрінде іске қосылуы қыркүйекке жоспарланғанын жазғанбыз.