Жаңалықтар

Дәрігерге сыйға беріліп, жалдамалы болып шыққан пәтер ақыры берілмейтін болды

Дәрігерге сыйға беріліп, жалдамалы болып шыққан пәтер ақыры берілмейтін болды
Дәрігерге сыйға беріліп, жалдамалы болып шыққан пәтер ақыры берілмейтін болды/Фото: Алмагүл Мәкішеваның жеке мұрағатынан

12 жыл бұрын Алматы облысының үздік дәрігері атанған Алмагүл Мәкішева облыс әкімінің өзі сыйлық ретінде табыстаған пәтерді ақыры ала алмайтын болды.

Кері шегініс

Бұған дейін Алмагүл Мәкішева 2013 жылы Алматы облысының үздік дәрігері сайысына қатысып, Талдықорған қаласынан 2 бөлмелі пәтер жеңіп алғанын, онысы сыйлық емес, жалдамалы болып шыққанын жазғанбыз. Дәрігер KursivMedia арқылы сол кездегі облыс әкімі марқұм Аңсар Мұсаханов табыстап, ақпарат құралдары сүйіншілей жазған пәтерді расымен де сыйға берсе деген тілегін жеткізген. Алайда мұнысын Талдықорған қаласының әкімдігі қабыл етпей отыр.

Әкімдік жауабы

«Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» KursivMedia-ға жолдаған жауабында Алмагүл Мәкішеваға берілген пәтер мемлекеттік тұрғынүй қорының меншігінде екенін, жеке тұлғаға сыйға тартылмайтынын жеткізген. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес сатып ала алатынын атап өткен.

Дәрігер не дейді

Дәрігер Алмагүл Мәкішеваның аталған пәтерді сатып алуға мүмкіндігі де, құлқы да жоқ. Өйткені ол о баста облыстық дәрігерлер арасында өткен конкурстың бас жүлдесіне тігілген ұтыс, яғни сыйлық ретінде берілген.

Ал сыйға берілген пәтер неге жалдамалы болып кеткенін Талдықорған әкімдігі айтпайды. KursivMedia әкімдікке «Дәрігерге күллі елдің көзінше сыйға деп берілген Талдықорғандағы 2 бөлмелі пәтер неліктен жалдамалы болып шықты», «Сыйға берілетін пәтер тегін емес, жалдамалы екені о бастан белгілі болды ма? Белгілі болса, неліктен жұртшылыққа «сыйға берілді» деген ақпарат таратылды? Бұл көзбояшылық емес пе» деген бірнеше сауал жолдаған. Әкімдік бұл сауалдарды жауапсыз қалдырып отыр.