Ернар Жиембай сот үкіміне шағымдана ма

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Ернар Жиембай сот үкімімен келісетінін айтты
Ернар Жиембай сот үкіміне шағымдана ма/Фото: Дилара Иса

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембай өзіне шығарылған үкіммен келісетіндей емеурін танытты.

Десе де тағылған айыппен келіспей, іс «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен саралануы керек еді деп санайды.

«Осы 9 жыл болса, 9 жыл. Бірақ әділі адам өлтіру ниетінсіз 106 – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы. Себебі нақты аяқталған қылмыс сол. Денсаулығына ауыр зиян келген болды, биологиялық өлім келмеген», – дейді ол.

Журналистердің «аппеляцияға шағым бересіз бе» деген сауалына «көреміз» деп жауап берді.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ернар Жиембайды 9 жылға бас бостандығынан айырған.

Прокурор соттан Жиембайды кінәлі деп танып, 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Жәбірленуші денсаулығына байланысты әзірге сот тергеуіне қатыспады.

Сондай-ақ оқыңыз