Жер астынан құбыр жүргізіп Өзбекстанға бензин тасығандар ұзақ жылға сотталды

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ірі көлемде контабандамен айналысқан топқа үкім шықты.
Істің мән-жайы
2024 жылдың шілдесінде сотталушы К. материалдық жағдайын заңсыз жолмен жақсарту мақсатында, Өзбекстанда бензин өнімінің бағасы қымбат екенін біліп, өзінің бұрынғы танысы Өзбекстан Республикасының азаматы Р.-мен бірге сөз байласып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған өзі басшылық еткен. Е., И., А., М. деген және жеке басы анықталмаған Өзбекстан азаматтарын тартып, оларды қажетті рөлге бөлген.
Сотталушылар мен Өзбекстан азаматтары Сарыағаш ауданы Сарқырама ауылында орналасқан қора ішінен ұзындығы 375 метр болатын тоннель қазып, Өзбекстан аумағына құбыр өткізген. Соның көмегімен бес ай бойы орташа бағасы 112 млн. 512 мың теңге құрайтын 420 мың 340 тонна «АИ-92» маркалы бензинін кедендік бақылаудан тыс контрабанда жолымен шекарадан заңсыз өткізген.
Сотталушыларға тағылған айып
К., ., М., және Е. қылмыстық кодекстің 264-бабының 1, 2-бөліктері (трансұлттық ұйымдасқан топ құру, оған басшылық ету, қатысу), 197-бабының 4-бөлігі 1),2)тармақтары (аса ірі мөлшерде мұнай өнімдерін иемденіп, сақтап, тасымалдап өткізу), 234-бабының 3-бөлігі 2-тармағы (мемлекет шекарасынан мұнай өнімдерін ірі мөлшерде заңсыз тасымалдау, өткізу) бойынша айыпталған.
Сот үкімі
Қылмыстардың жиынтығы бойынша К. – 15 жыл мерзімге, И., А., М., және Е. – 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды.
Тінту кезінде алынған 3 млн теңге, 16 мың литр АИ-92 маркалы бензин өнімі, «ЗИЛ» және«ГАЗ» жүк көліктері – мемлекет пайдасына тәркіленген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін, 46 кеншінің қазасына қатысты іс бойынша үкім шыққан болатын.