Кәсіпкер Айдын Рахымбаев 300 балаға тегін ота жасатуға қаржы бөледі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Айдын Рахымбаев
Айдын Рахымбаев 300 балаға тегін ота жасатуға қаржы бөледі / фото: архив kursiv.media

Қазақстандық кәсіпкер Айдын Рахымбаев BI компаниясының 30 жылдығына орай ерекше қайырымдылық жобасын жариялады. Кәсіпкердің айтуынша, BI Group қоры – BI Juldyzai шетелден 28 білікті хируркты шақырып, Қазақстанда сирек жасалатын 300 ота жасауға мүмкіндік берді.

Аружанның арманы

Бұл жобаның аясында көпбалалы отбасының қызы Аружан алғаш рет 10 жылдан кейін өз аяғымен жүре бастады. Бұған дейін тіпті төсекте жата алмай, тек жартылай отырғыш күйде ұйықтайтын. Қымбат операцияны отбасы ешқашан өз бетімен жасата алмас еді.

Шетелден келген маман заманауи әдіспен сүйек ішіне баламен бірге өсетін арнайы штифт орнатты. Қазір Аружан ақырындап далада ойнап жүр, ал болашақта дәрігер болуды армандайды.

Қор мәліметінше, 300 отаның ішінде:

  • 219 ота – аяқ-қол кемістігі бар балаларға;
  • 37 ота – жүрек-қан тамыр дерттеріне;
  • 44 ота – аноректалды даму кемістігіне жасалады.

Хирургтар қатарында Жапония, Қытай, Түркия, Израиль, Беларусь және Ресей мамандары бар.

Бұл біздің ең маңызды жобаларымыздың бірі. Операциялар жүздеген млн теңгеге түссе де, әр баланың денсаулығы – баға жетпес құндылық. Біз 12 жыл бұрын өз қызметкерлеріміздің балаларына көмектесуден бастадық. Ал қазір еліміз бойынша жыл сайын жүздеген бүлдіршіннің өмірін өзгертіп келеміз, – деп жазды Айдын Рахымбаев.

Жақында Ақтауда 200-інші ота жасалып, маңызды межеден өтілді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл мерейтойлық жыл – 300 баланың жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік береді.

Бұған дейін, Айдын Рахымбаевтың компаниясы Аралда күн электр станциясын салып жатқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз