Израиль ХАМАС-пен уақытша бітімге келіспей, тұтқындарды босатуын талап етті

Израиль билігі ХАМАС-пен жаңа келісім жобасына келіспейтінін мәлімдеді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз хатшысы Давид Менсер хабарлады. Оның айтуынша, Израиль енді «жартылай мәмілелерге» қызығушылық танытпайды және тек барлық тұтқындардың толық босатылуын талап етеді.
Бұған дейін палестиналық топ 60 күндік атысты тоқтату мен тұтқындардың жартысын босатуға келіскен еді. Бұл ұсынысты Катар мен Мысыр делдал ретінде дайындаған. Катар дипломаттарының айтуынша, құжат АҚШ-тың бұған дейінгі бастамасына «дерлік ұқсас» болған.
Маусым айында АҚШ президентінің өкілі Стив Уиткофф ұсынған жоспар бойынша, бірінші және жетінші күні 10 тірі тұтқын мен 18 марқұмның мәйіті қайтарылуы тиіс еді. Оның орнына Израиль өмір бойына сотталған 125 палестиналықты, қамаудағы 1111 адамды және 180 марқұмның денесін беруге келіскен болатын. Израиль сол кезде ұсынысты қабылдағанымен, ХАМАС одан бас тартқан. Себебі құжатта уақытша бітімнің тұрақты келісімге айналатынына кепілдік болмаған.
Жаңа ұсынысқа қатысты Израиль нақты «жоқ» демегенімен, Давид Менсер «жағдай өзгергенін» атап өтті.
«Енді үкіметке мұндай жартылай келісімдер қызық емес. Премьер-министр Газаның болашағына қатысты жаңа жоспарды ұсынды», – деді Менсер.
Палестиналық дереккөздердің айтуынша, ХАМАС 10 тірі тұтқынды босатуға және тағы 18 марқұмның мәйітін қайтаруға дайын. Израильдің есебі бойынша, ХАМАС қолындағы шамамен 50 тұтқынның тек 20-сы ғана тірі қалуы мүмкін.
Ұсынысқа сәйкес, егер тараптар 60 күндік уақытша бітімге келсе, осы аралықта тұрақты атысты тоқтату және қалған тұтқындарды босату жөнінде қосымша келісімдер жасалуы ықтимал.
Еске сала кетейік, Израиль халқының өзі де Газадағы саясатқа қарсы пікірін білдірді. Мыңдаған израильдіктер биліктің Газа секторын көшіру және аумақты оккупациялау жоспарына қарсылық танытып, жаппай көшеге шыққан еді.