
Қазақстанда жағажай маусымының аяқталуына орай «Үздік жағажай» бағдарламасының қорытындысы шықты. Байқау Kazakh Tourism бастамасымен, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен өтті.
Биыл комиссия қарауына өңірлерден 30-дан астам жағажай ұсынылды. Бағалау ҚР СТ 3013-2017 ұлттық стандартына сай жүргізіліп, халықаралық Blue Flag бағдарламасының бірқатар критерийлері де ескерілді.
Іріктеу барысында:
- акваторияның қауіпсіздігі,
- санитарлық жағдайы мен инфрақұрылымы,
- құтқару және медициналық бекеттердің болуы,
- судың сапасын тұрақты бақылау,
- қоқысты бөлек жинау,
- күн энергиясымен жұмыс істейтін душ кабиналары,
- экологиялық ағарту шаралары назарға алынды.
ТОП-3 үздік жағажай
Сарапшылардың бағалау нәтижесінде ең жоғары ұпай жинаған үш жағажай анықталды:
- Wyndham Garden Beach (Ақмола обл., Бурабай қ.) – 166 балл
- №5 қалалық жағажай (Алматы обл., Қонаев қ.) – 145,5 бал
- Орталық жағалау (Павлодар қ.) – 145 балл
Үздік жағажайлар таза әрі қауіпсіз су айдынымен, дамыған инфрақұрылымымен, отбасылық демалысқа ыңғайлылығымен және табиғатты қорғауға бағытталған экологиялық шешімдерді қолдануымен ерекшеленді.
Сонымен қатар сарапшылар Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы жағажайларды қарастырып, оларды ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша әкімдіктермен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
Kazakh Tourism басшысы Даниел Сержанұлының айтуынша:
«Үздік жағажай» бағдарламасы – үздік нысандарды анықтаумен қатар, өңірлерді өз демалыс аймақтарын халықаралық деңгейге сай дамытуға ынталандырады. Биылғы ТОП-3 – қазіргі заманғы жағажайдың қандай болуы тиіс екенін көрсетеді: қауіпсіз, қолайлы және экологиялық таза», деді Сержанұлы.
Бағдарлама жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, еліміздегі жағажай мәдениетін жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.