Шымкентте қаланың бас архитекторы ұсталды

Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов ұсталды. Бұл туралы Informburo.kz хабарлады.
Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та 13 тамыз күні бас сәулетшінің қалалық әкімдік ғимаратында ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұған дейін бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берілмеген.
«Аталған факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. ҚІЖК-нің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес («Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді»), өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК-ның ресми жауабында.
Айта кетейік, Арман Абдешов 2024 жылдың қаңтарында Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Ал 2025 жылдың 28 ақпанында басқарма басшысы лауазымына көтерілген еді.