Мемқызметкерлерге WhatsApp пен Telegram-ды пайдалануға шектеу бола ма?

Мемлекеттік қызметкерлерге WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынбайды. Оларға шетелдік сервистерді жеке мақсатта қолдануға еш шектеу жоқ. Цифрлық даму министрлігі осындай мәлімдеме жасады.
Ал Aitu мессенджерін тек қызметтік мақсатта ғана пайдаланады. Басқа шетелдік мессенджерлерді алмастыру, оларға «кедергі келтіру деген мақсат жоқ» деп түсіндіреді ведомстводан.
«Aitu мессенджерін енгізу бастамасы тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қызметтік коммуникация үшін ғана ұсынылады. Ол мемлекеттік қызметкерлер тек жұмыс барысында пайдаланатын ақпаратпен қауіпсіз алмасуды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады. Мақсаты – ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және қорғалған цифрлық ортаға көшу», – деп жазылған мәлімдемеде.
Жоспар бойынша, Aitu-ды қызметтік хат алмасу, жұмыс чаттары, жедел хабарламалар және мемлекеттік цифрлық платформалармен байланысу мақсатында қолданылуы керек.
«Басты артықшылығы – барлық серверлер Қазақстан аумағында орналасқан, бұл деректерді қорғау талаптарына сәйкес келеді және жүйені мемлекеттік органдар үшін сенімдірек етеді», – деп хабарлайды министрліктен.
Айта кетейік, 12 тамызда үкімет мемлекеттік органдар толығымен Aitu мессенджеріне өтетінін хабарлады. Aitu қосымшасын қазақстандық Kazdream Technologies IT-холдингі әзірлеген, ол BTS Digital цифрлық экожүйесінің құрамына кіреді.