Венгриялық компания Қазақстанда бал өндіреді

Ара шаруашылығы саласындағы Еуропаның жетекші компанияларының бірі, венгриялық Aranynektár Kft Қазақстанда бал өндіреді. Компания ел аумағында бал өндіру және өңдеу зауытын салу жөнінде ұсыныс білдірді.
Aranynektár Kft компаниясының бас директоры Ференц Фульмер ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұл мен кездесті. Басқосуда жоғары технологиялы, экологиялық таза әрі Еуропалық одақ стандарттарына сай экспортқа бағытталған өнім өндіретін кәсіпорын құруды талқылады.
«Қазақстанда ара шаруашылығы саласының тұрақты өсуіне қажетті барлық жағдай бар — қолайлы климат, экологиялық таза орта, дамыған ғылыми база және мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары. Біз мұндай өндірістерге мүдделіміз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл жобаны іске асыру ел ішінде қосылған құнды қалыптастыруға ғана емес, қазақстандық балдың экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ЕО нарығында лайықты орын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.
2024 жылы Қазақстанда бал өндірісі 5 мың тоннаны құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға артық. Жалпы өндірістің 58%-дан астамын Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстары, сондай-ақ Абай және Жетісу өңірлеріне тиесілі.
Омарташыларға арнайы субсидиялау бағдарламасы да енгізілген. 2025 жылдан бастап сатылған әрбір килограмм бал үшін 200 теңге төленеді.
Aranynektár Kft – Венгриядағы ірі бал өндіруші және экспорттаушы компания. Компанияның өндірістік қуаты жылына 4 мың тоннаға дейін бал өндіруге жетеді, оның шамамен 80%-ы Еуропалық одақ елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға экспортталады.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы «SUN-BEE ALTAI» ЖШС Еуропаға бал экспорттайтыны туралы жазған едік. Ол кәсіпорын өнімдері Германия, Франция, Италия, Бельгия, Нидерланды, Австрия, Испания, Эстония, Венгрия, Финляндия, Швеция, Дания, Португалия және Грекияда тәрізді елдерге саудалай алады.