Жаңалықтар

Интергаз 66 ауылға газ тарту үшін 9 млрд теңгеге облигация шығарады

газ және ақша
Фото: shutterstock

«Интергаз Орталық Азия» (ИОА) 9 млрд теңгеге купондық облигациялар шығаратынын жариялады. Құнды қағаз саудасынан түскен қаражат Жетісу облысындағы 66 елді мекенге табиғи газ жеткізуге жұмсалады. Компания меморандумы Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды.

ИОА әрқайсысының номиналды құны 1 мың теңге болатын 9 млн облигацияны қор биржасына шығарады. Құнды қағаздардың жалпы сомасы – 9 млрд теңге. Түскен қаражат «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жобасын қаржыландыруға жұмсалады. Жоба өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға арналған.

Облигациялардың негізгі параметрлері:

  • Шығарылым көлемі: Әрқайсысының номиналды құны 1 000 теңге болатын 9 млн облигация, жалпы сомасы – 9 млрд теңге.
  • Облигация түрі: Кепілсіз купондық облигациялар.
  • Сыйақы мөлшерлемесі: Тұрақты. Жылына 9,37%. Кейінгі 10 жылдағы орташа жылдық инфляция негізінде есептелген.
  • Сыйақы төлеу кезеңі: Жылына екі рет – әр 6 ай сайын. Облигациялардың он жылдық айналым мерзімі кезінде төленеді.
  • Айналым мерзімі: «Қазақстан қор биржасында» (KASE) сауда басталған күннен бастап 10 жыл бойы.
  • Өтеу: Номиналды құны бойынша теңгемен. Айналым мерзімі аяқталғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде.
  • Айналым нарығы: Ұйымдастырылған (KASE) және ұйымдастырылмаған нарықтар.

Қаражатты пайдалану жоспары өзгерсе, эмитент жеке меморандумға тиісті түзетулер енгізеді. Компания 2027 жылдан бастап жыл сайын 1 млрд теңгеге дейін облигацияларды мерзімінен бұрын ішінара өтеу мүмкіндігін қарастырды.

«Интергаз Орталық Азияның» облигация шығаруы инвесторларға Қазақстан энергетика инфрақұрылымын дамытуды көздейтін жобаға қатысуына мүмкіндік береді.

Интергаз табысы 2025 жылдың алғашқы жартысында былтырға қарағанда екі есе өсті. Алты айдағы таза табысы 30 млрд 471 млн теңге болды. 2024 жылдың алғашқы жартысында компания 15,6 млрд теңге тапқан еді.

1997 жылы құрылған «Интергаз Орталық Азия» 100 пайыз «QazaqGaz» ұлттық компаниясы тиесілі. Ал оның жалғыз акционері – «Самұрық Қазына». Интергаз Қазақстан аумағында газ тасымалдаумен және сақтаумен айналысады. Компания Ресейдің Өзбекстанға сатқан табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы транзиттеумен де айналысады.