ЛРТ бекеті «Университет» аталып, Назарбаев есімі неге түсіп қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
ЛРТ, станция, Назарбаев
Фото: cts.gov.kz

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері ЛРТ-нің Назарбаев Университеті маңындағы бекетінің атауында Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі не себепті түсіп қалғанын түсіндірді.

Бекет атауы неге Назарбаев емес

Мекеме өкілдері бекетті «Университет» деп атаудың екі себебін айтты. Біріншісі әлем елдерінде қалыптасқан тәжірибеге байланысты.

«Мәселен, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті маңындағы бекет те «Университет» деп аталады. Санкт-Петербургте де осындай метро бекеті бар. Ол Санкт-Петербург мемлекеттік университетіне жақын орналасқан», – дейді мекемедегілер.

Екінші себебі — осылай атаған ыңғайлы. Басқарма мамандарының пікірінше, көпшілік тез қабылдау үшін мейлінше қысқа болғаны дұрыс. Мәселен, LRT желісінде «Театр» бекеті бар. Алайда оны «Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыкалық драма театры» деп атамаймыз.

Kursiv.Media тілшісі жоғары оқу орны атауында бірінші президент есімі қалар-қалмасын білмек болып, Назарбаев Университетіне сауал жолдады.

Астана қалалық мәслихатының депутаттары кезектен тыс сессияда 18 бекеттің атауын бекіткен.

Саясаткер есімімен аталған

2025 жылғы шілде айының басында Қорғаныс университетінен Назарбаев атын алып тастайтыны мәлім болған. Дегенмен Қазақстанда оның атымен аталатын мекемелер мен көшелер жетерлік. Астана қаласының өзі ұзақ уақыт Назарбаев аталып келді. Қала әуежайы әлі де саясаткердің есімімен аталады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті қызметін 1991-2019 жылдары атқарды. 1989-1991 жылдары Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы болды.

Биліктен кеткеннен кейін де бірнеше қызметті қатар атқарды: 2021 жылға дейін «Нұр Отан» (қазіргі Amanat) партиясын, 2022 жылға дейін Қауіпсіздік кеңесін басқарды.

Ол ұзақ уақыт «елбасы» атанып жүрді, бірақ мұндай мәртебе 2022 жылы жойылды. Саясаткер биыл 85 жасқа толды.

Сондай-ақ оқыңыз