
2025 жылдың алғашқы жеті айында республика бюджетінен 3,28 трлн теңге займ жабуға, ал 2,01 трлн теңге берешек қызметіне жұмсалды. Қаржы министрлігінің республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты есебінде осындай мәлімет жарияланды.
Табыс пен салық
Министрлік мәліметінше, биыл қаңтар-шілде айларында республикалық бюджет табысы 11,54 трлн теңге болды. Оның 7,23 трлн теңгесі салықтан түсті.
Қаржы министрлігі салыққа қатысты жоспар 97%-ға орындалды деп есептейді. Атап айтқанда, қосылған құн салығынан (ҚҚС) 3,06 трлн, корпоративтік табыс салығынан (КТС) 2,23 трлн теңге түскен.
Халықаралық сауда және ішкі операциялардан тағы 1,24 трлн, акциздерден 68,22 млрд, кеден төлемдерінен 1,19 трлн бюджетке құйылды.

Шығыс кірістен көп
2025 жылғы жеті айда бюджет шығысы 13,38 трлн теңге болды, яғни шығыс кірістен асып кетті.
Шығыстың көп бөлігі әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалды – 3,48 трлн теңге. Денсаулық сақтауға 977,32 млрд теңге, білім беру саласына 713,78 млрд теңге, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқық, сот және қылмыстық-атқару қызметіне 682,84 млрд теңге, ал қорғанысқа 484,05 млрд теңге бөлінді.

Берешек пен трансферт
Үкімет қаражаттың көп бөлігін берешекті өтеуге жұмсап отыр. Мәселен, жеті айда займ жабуға 3,28 трлн теңге жұмсалды. Бұған қоса, тағы 2,01 трлн теңге берешек қызметіне кетті. Салыстырар болсақ, 2024 жылғы қаңтар-шілде айларында 1,69 трлн теңге берешек қызметіне жұмсалған. Қаржы сарапшылары да оның жылдан жылға өсіп бара жатқанына қынжылды.
«Өте өкінішті көрініс. Санкцияға ұшырамадық, соғыс болып жатқан жоқ. Кредит ретингі төмендемеді. Бірақ сонда да осындай мүшкіл халге жеттік», – деп жазды қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв өзінің телеграм-арнасына.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 1 тамызға дейін Ұлттық қордан бюджетке трасферт ретінде 3,47 трлн теңге түскен.
Жақында ғана үкімет 2025 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 6,3%-ға өскенін жариялаған.