2084 жылы өмірге келетіндерден гөрі қайтыс болатындар көп болады – сарапшылар

Жарияланды
Қазақстанда халық саны өсе береді, бірақ өсім баяулайды / Фото: kursiv.media архиві

Әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Мәселен, 18 тамыздың таңында ғана Worldometers дерегі бойынша, жер шарында 70 мың адам қайтыс болған. Ал жыл басынан бері 39 миллионнан астам адам о дүниелік болған.

Туу көрсеткіші төмендеуде 

Әзірге әлем халқының саны  артып келеді, дегенмен туу мен өлім арасындағы айырмашылық жылдам қысқарып жатыр. БҰҰ-ның дерегінше, 2023 жылы әлемде 132 млн адам дүниеге келіп, 62 миллионға жуығы қайтыс болған. Таза өсім 70 млн адам.

«Болжамдарға сенсек, алдағы бірнеше онжылдықта жағдай күрт өзгереді. 2050 жылға қарай бұл «оң көрсеткіш» екі есеге жуық қысқарады, ал 2084 жылы мүлде теріс мәнге көшеді. Сол кезде алғаш рет адамзат тарихында қайтыс болғандар саны дүниеге келгендерден көбірек болып, айырмашылық 400 мың адамға жетеді», – дейді сарапшылар.

XXI ғасырдың соңына қарай жағдай күрделене түседі деген болжам бар. Сарапшылар  өмірге 110 млн нәресте келсе, сәйкесінше, көз жұматындар саны 123 миллионға жететін болжап отыр. Яғни жыл сайынғы табиғи түрде азаятын халық саны 12,9 млн адамды құрайтын болады.

Қазақстанда жағдай тұрақты 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сенсек, Қазақстан үшін демографиялық дағдарыс әзірге аса өзекті емес. 2024 жылы елде 366 мың сәби дүниеге келіп, 133 мың адам қайтыс болған. Табиғи өсім 233 мың адам. 

Бүкіл әлем алғаш рет «теріс көрсеткішке» көшетін 2084 жылдың өзінде, Қазақстанда бұл, оң көрсеткіш болып қала бермек, яғни, өсім 147 мың адамды құрайды. Алайда 2100 жылға қарай табиғи өсім 75 мың адамға дейін қысқаруы мүмкін.

Өлім себептері 

ДДСҰ дерегінше, адамдар көбіне жүрек-қан тамыр ауруларынан, инсульттен, қатерлі ісіктерден және COVID-19 салдарынан қайтыс болып жатыр. 

Бұл себептер Қазақстанда да кездеседі. Жалпы 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында 64,6 мың адам қайтыс болған. 

  • 24% – қан айналымы жүйесі ауруларынан 
  • 17% – жүйке жүйесі ауруларынан 
  • 11% – жаңа пайда болған ісіктерден (яғни, қатерлі ісік және т.б.) 

Осы үш себеп елдегі өлім-жітімнің жартысынан көбін құрап отыр.

Айта кетейік Қазақстан халқының шамамен жартысы оңтүстік өңірлерде – Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында шоғырланған. Бұл аймақтар дәстүрлі түрде жоғары туу деңгейімен ерекшеленіп келген. Дегенмен соңғы жылдары урбанизация, экономикалық факторлар және жастардың ірі қалаларға, әсіресе Алматы мен Астанаға қоныс аударуы оңтүстіктегі демографиялық динамикаға да әсер етуде.

Сондай-ақ оқыңыз