
Енді жеке тәжірибесі бар құрылыс компаниялары реттелетін мемлекеттік сатып алуға қатыса алады.
Осы жылы Respublica партиясының депутаты Айтуар Қошмамбетов жеке нысандардағы тәжірибені мемлекеттік сатып алу жүйесінде есепке алу туралы мәселе көтерген болатын.
Бұған дейін тек мемлекеттік қаржыландырумен салынған нысандардағы тәжірибе ескеріліп келгендіктен, жеке жобаларда тәжірибе жинаған, бірақ бюджеттен қаржы алмаған көптеген мердігер компаниялар тендерлерге қатыса алмай келген. Бұл жүздеген компанияның жолын жауып, нарықтағы бәсекені шектейтін.
Қаржы министрлігімен, «Атамекен» ҰКП және кәсіпкерлермен келіссөздердің нәтижесінде жеке тәжірибені есепке алу қағидасы сақталып қалды. Дегенмен, жүйені теріс пайдаланудан қорғау үшін жаңа механизмдер енгізіледі.
Жаңашылдықтар мыналарды қамтиды:
- Жеке тәжірибе есепке алынады, бірақ тек бюджеттен тыс қаражатқа салынған, мемлекеттік сараптамадан өткен күрделі нысандар бойынша;
- Жалған қосалқы мердігерлік тәжірибе есептелмейді;
- Жалған құжаттарды болдырмас үшін жылына 3 нысаннан аспайтын лимит қойылады;
- Мердігерлік келісімшарт бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру тетігі сақталады. Бұл бизнестің жүктемесін азайтып, тапсырыс берушінің мүддесін қорғайды.
Айтуар Қошмамбетов бұл жұмысты мемлекет пен бизнестің ашық диалог арқылы өзара түсіністік тапқан үлгілі тәжірибе деп атады. Мұндай тәсіл адал компаниялардың жолын ашып, алаяқтардан тазаруға жол ашады. Бұл — құрылыс бизнесі үшін маңызды жеңіс әрі мемлекеттік сатып алуда әділ бәсекенің дамуына жол. Алда бұл салада тағы бірқатар реформа қадамдары бар, және депутат кәсіпкерлермен бірге бұл мәселені бақылауда ұстайтынын айтты.
Бұған дейін Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алымға қатысатын құрылыс компанияларының жұмыс тәжірибесін бақылау күшейетінін мәлімдеген еді.