Үкімет әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады

Қазақстанда әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін жарналарды төлеу тетігі енгізіледі, бұл міндет жергілікті атқарушы органдарға жүктелмек. Осының арқасында 2026 жылға қарай МӘМС жүйесі қосымша 1 миллионнан астам адамды қамтитын болады.
Әлеуметтік әділеттілік қағидатын сақтау үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударым жасалатын кірістің жоғарғы шегі алынып тасталады. Үкіметтің хабарлауынша, бұл тәсіл азаматтардың жүйеге үлесін олардың табысына сай етіп, сала бюджетіне жыл сайын қосымша 200 млрд теңгеге дейін қаржы әкеледі.
Сондай-ақ мемлекет жеңілдік санатына кіретін 11 млн азамат үшін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыруды көздеп отыр. 2030 жылға қарай МӘМС жүйесіне қосымша қаржыландыру 289 млрд теңгеге дейін жетеді деп күтілуде, бұл жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ал 2027 жылдан бастап Қазақстанда медициналық қызметтердің бірыңғай пакеті енгізіледі. Онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС аясында көрсетілетін қызметтер нақты айқындалатын болады. Осылайша әрбір азамат мемлекет кепілдік беретін қызметтерді және сақтандыру есебінен көрсетілетін қызметтерді нақты біле алады
Еске салсақ шілде айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС-ке мемлекет төлейтін жарна көлемін арттыруға қатысты заңға қол қойған болатын. Заңға сәйкес Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін қаржыландыруды жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан төленетін жарналар мөлшері кезең-кезеңімен ұлғайтылады.