Қазақстанда 1%-дық ипотека бар. Шарттары қандай және кімдер ала алады?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда 1%-дық ипотека беріледі / Фото: shutterstock

1% үстемемен берілетін ипотекалық несиелер жарнамаларда жиі кездесіп жатады. Расымен солай ма, әлде клиент тартудың стратегиялық тәсілі ме? Krisha.kz сарапшылары мұның әр жағында не жатқанын анықтап, талдап көрді.

Қазақстанда 1%-дық ипотека бар ма? 

Иә, кейбір банктер шынымен де жылдық 1% немесе одан да төмен мөлшерлемемен ипотека ұсынады, бірақ бұл тек құрылыс компанияларымен бірлескен арнайы серіктестік бағдарламалар аясында жүзеге асады. 

Бұл мемлекеттік емес, коммерциялық ипотекалар. Яғни құрылыс компаниясы пәтерлерін тезірек сату үшін банкке пайыздың бір бөлігін өтеп береді.

Мұндай ипотека әлеуметтік мәртебесіне немесе баспанасының бар-жоғына қарамастан, кез келген адамға қолжетімді.

Серіктестік ипотека дегеніміз не?

Серіктестік ипотека — бұл банк пен құрылыс компаниясы бірлесіп жүзеге асыратын бағдарлама. Оның аясында тұрғын үйді төмендетілген пайызбен, кейде тіпті пайызсыз бөліп төлеу шарттарымен де алуға болады. 

Алайда  пәтерді тек белгілі бір құрылыс компаниясынан және нақты тұрғын үй кешенінен ғана таңдай аласыз.

Құрылыс компанияларынан берілетін ипотекалар шарттары

Бірқатар екінші деңгейлі банктер серіктестік бағдарламалар аясында жеңілдетілген ипотекалар ұсынады. Мысалы:

Altyn Bank — жылдық мөлшерлемесі 0,1%-дан басталады. Банк BI Group, BAZIS-A, Sensata Group, Orda Invest, Saba Group KZ, Hayat Construction, «КазСтройМонолит» және басқа да құрылыс компанияларымен жұмыс істейді.

Halyk Bank — жылдық 0,1%-дан бастап, тек BI Group-тың тұрғын үй кешендеріне. Алматы, Астана, Атырау және Шымкент қалаларындағы 90 тұрғын үй кешенінен пәтер таңдауға болады.

Банк ЦентрКредит — жылдық 5%-дан басталады, түрлі құрылыс компанияларының пәтерлері бар. 700-ден астам тұрғын үй кешенінен таңдау мүмкіндігі бар.

Жуырда Отбасы банк «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының қайта басталғанын хабарлады. Банк қызметкерлері бұған дейін өтінім берген әрбір клиентке хабарласып, несие рәсімдеу үшін бөлімшеге шақырады.

Еске салсақ Ұлытау облысында жылдық 5% жеңілдетілген мөлшерлемемен ипотекаға өтінім қабылданып жатыр. Бағдарлама Сәтбаев қаласында тұратын жұмысшы мамандарға арналған. 

Сондай-ақ оқыңыз