Жаңалықтар

Шымкентте ғимараты өртенген аудан әкімдігі басқа ауданға көшті

Шымкентте өртенген аудан әкімдігі қызметкерлері қайда барады?
Шымкентте өртенген аудан әкімдігі / Фото: Дилара Иса

14 тамызға қараған түні шатырынан өрт шығып, отқа оранған Шымкент қаласы Абай аудандық әкімдігі қызметкерлері өзге ғиматарқа көшті. Енді олар жұмысын уақытша Нұрсәт ықшам ауданында орналасқан бұрынғы Қаратау әкімдігі ғиматарында жалғастырады.

Абай ауданы әкімдігі апарат басшысы Шерхан Кеңестің сөзінше, Тәуке хан даңғылындағы 1200 шаршы метр шатыры өртенген ғимаратта 3 мемлекеттік мекеме отырған. Аудан әкімдігінен бөлек мемлекеттік қызметтер агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері жұмыс істеген.

«Аталған үш мекеме үш жерге уақытша орналасты. Оның ішінде Абай ауданы әкімдігі Бәйдібек би даңғылындағы бұрынғы Қаратау ауданы әкімдігі ғимаратына көшіп келді», – дейді ол.

Жаңа мекен-жайдағы ғимарат / Фото: Дилара Иса

Аудан әкімдігі жаңа мекен-жайы туралы бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желі арқылы хабарлама таратқан. Шатыры өртенген бұрынғы ғимаратқа қатысты қалалық төтенше жағдайлар департаменті тексеру жұмысын бастаған. Өрттің шығу себебі анықталып, салдары есептелуде. Ал жөндеу жұмысын қалалық құрылыс басқармасы жүргізеді.

«Төтенше жағдайдың салдарынан әкімшіліктің екінші қабатындағы 10 компьютерге су тиді. Өзге ешбір құжат өртеніп, залал келген жоқ», – деді Шерхан Кеңес.

Ресми мәліметке қарағанда, Абай ауданы әкімдігінде 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Олардың 44-і мемлекеттік қызметкер. Әкімдік ғимараты 1954 жылы салынған. Соңғы уақытта күрделі жөндеуден өтпеген. Айта кетейік, өрттен зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.