Жүргізуші куәлігін заңсыз беріп келген ХҚКО қызметкерлеріне қатысты сот басталды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңсыз жүргізуші куәлігін рәсімдеген №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуін бастады. Іс бойынша 15 адам жауап беріп жатыр. Оларға заңсыз жүргізуші куәліктерін жасады деген айып тағылған.
Сот тергеуі қалай басталды?
500 адамға заңсыз жүргізуші куәлігін берді деген айыпталушылардың 10-ы – қамауда, төртеуі үйқамақта. Ал іс бойынша басты айыпталушы деп танылған Жомарт Мұрашимов тергеу изоляторында комаға түсіп, ауруханада қайтыс болды.
Сот тергеуі басталмай тұрып, қатысушылардың көңілін алаң басқаны байқалды. Судья Самидин Темірәлиев істі қарай бастағанда марқұмның қорғаушысы Болат Елмұрзаев пікір білдіріп, істі кейінге қалдыруды сұрады.
Қорғаушының сөзінше, Мұрашимовтың сотта қоғамдық қорғаушысы, не заңды өкілі танылмаған. Оған қоса өзге қорғаушылары сот отырысына келе алмаған. Ары қарай іс қалай жалғасатыны әзірге белгісіз болып тұр. Себебі марқұмның заңды өкілдері не қоғамдық қорғаушылары осы айыппен келісетіні не келіспейтіні туралы айтпаған.
Дегенмен судья сот тергеуін бастауға кедергі жоқ деп тапты. Ол адвокат пікірін ашық қалдырып, сот отырысында марқұмның құқығын қорғауға бір адвокаттың болуы жеткілікті екенін түсіндірді.
«Қазаның арты қайырлы болсын! Тағдыры сондай шығар, кім біледі? Істі ары қарай жалғастыру, не жалғастырмау жөнінде пікірді сот отырысына келгенде білдіреді. Қазір сот отырысын жалғастырамыз. Өзгелер қатысу қатыспау туралы арызын берсе, біз соған қарап шешім шығарамыз», – деді судья Самидин Темірәлиев.
Кімге қандай айып тағылды?
Іске қатысушылар соттың бұл шешімімен келісті. Олар сотта Қылмыстық кодекстің «Заңсыз сыйақы алу», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бабымен жауап беріп жатыр. Сот тергеуі әдеттегідей прокурордың айыптау актісін оқуымен басталды.
Прокурордың мәлімдеуінше, 36 жастағы Мұрашимов 2002-2024 жылдар аралығында материалдық жағдайын жақсарту мақсатында қылмысқа барған. Ол мемлекеттік ұйымның мемлекеттік функцияларды орындайтын қызметкер бола тұра қызмет бабын пайдаланған. Ұйымдасқан тоқ құрып, оған басшылық жасаған. Топқа қатысушылардың нақты жұмысын белгілеген. Жүйелі түрде ірі мөлшерде ақшалай заңсыз сыйақы алып, оны заңдастыру мақсатында жылжымайтын және жылжитын мүліктер сатып алған. Сөйтіп қылмыстық жолмен алған қаражатты заңдастырған.
Айыптау актісіне қарағанда, №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы 2022 жылдың қаңтар айында қылмыстық топ құрып, қылмысын 2024 жылдың қазанына дейін жалғастырған. Ол жол қозғалысы ережелерін білуге арналған тестілеу, теория және практикалық емтихандар өткізу үшін заңсыз ақша алған. Оны серіктері қолдап, көмектескен.
«Қоғамдық қауіптің жоғары екеніне қарамастан азаматтардан заңсыз сыйақы алу арқылы оларға көлік құралдарын басқару құқығына ие болуға көмектескен. Сыйақыны заңсыз кіріс көзіне айналдырған, – деді прокурор.
Заңсыз жүргізуші куәлігін алып беру үшін кім не істеген?
Прокурор сыйақы есебінен заңсыз жүргізуші куәлігін алып беру үшін кім не істегенін де атап өтті. Мысалы, айыпталушы Мардан Дінмұханұлы орталықпен заңды еңбек келісім-шартын жасамаған. Бірақ қылмыстық топтың ең сенімді жауапты адамы болған. Тестілеу, теория және практикалық емтихандарға бақылау жүргізіп, басқа топ мүшелерінің жұмысын үйлестірген. Берілген сыйақыны жинап, есептеп топ жетекшісі Мұрашимовқа жеткізіп отырған.
Ал айыпталушы Қанат Талғатұлы бұл топқа өзгелер сияқты өз еркімен кірген. Ол да еңбек келісім-шартпен жұмысқа қабылданбаса да тестілеу орталығында оператор болып жұмыс істеген. Заңсыз сыйақы беретін адамдардың тізімін алдын-ала жасап, теориялық емтихан тестін тапсыру кезінде оларға дұрыс жауаптарды айтып, көмектескен. Ол заңсыз сыйақы бергендер туралы Мұрашимовқа есеп беріп отырған.
Тек 2 жылдан кейін орталыққа ресми түрде жұмысқа орналасқан. Айыпталушы Нұрасыл Байзақов та Талғатұлы сияқты оператор болып жұмыс істеген. Ол да Талғатұлы сияқты жұмыс істегенімен, есепті Мұрашимовқа емес Талғатұлына берген.
Еркінбек Қарабеков бала күтіміне қатысты демалысқа кетсе де орталықта жұмыс істеген. Ол емтихан көлігінің ішіне өздерінің рацияларын орнатып, практикалық емтихан тапсырушыларға жол ережелерін айтумен айналысқан. Ал Бақытжан Игілік, Дәуіржан Мақұлбек, Ерғали Нұрекеев, Елдос Адырбеков, Асхат Өбешов жүргізуші куәлігін заңсыз алуға ниетті адамдармен келіссөздер жүргізіп, олардан жүйелі түрде 30 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін заңсыз сыйақы алып отырған. Алынған сыйақы қолма-қол берілген не банк арқылы аударылған.
Айыптау актісіне қарағанда, айыпталушыларды қызметтері біріне-бірі ұқсас. Олардың дені орталықпен еңбек келісім-шартын жасамай әрекет еткен. Мұрашимов серіктеріне алынған сыйақыны бөліп берген.
Мұрашимов заңсыз тапқан табысына 1 пәтер, 3 көлік сатып алған. Өзге 2 сотталушы да бірнеше көлік сатып алған. Олар мүлікті өз атына емес туыстары мен таныстарының атына тіркеген.
Прокуратура дерегінше, жалпы айыпталушылардың табысы 150 миллион теңгеден асқан. Сотта сотталушылардың бірі тағылған айыпты мүлде мойындамайтынын, қалған 13-і ішінара мойындайтынын жеткізді.
Айта кетейік, 20 тамыз күні сотталып жатқан ХҚКО басшысының ауруханада қайтыс болғаны туралы хабар тарады.
Артынша, айыпталушы Жомарт Мұрашимовтың «жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігіне» байланысты өмірден озғаны туралы мәлім болды.