
2025 жылдың 6 айында Түркістан облысында шетелден келген саяхатшылар саны 24 мыңға жуықтап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда екі есе артқан. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов мәлім етті.
Медеуовтің хабарлауынша, облыста туризм саласында динамикалық өсім бар. Мысалы, биыл шетелдік саяхатшылар санын 18 мыңға жеткізу жоспарланған. Әйткенмен e-qonaq платформасының есептеуінше, өткен жарты жылда олардың саны 24 мыңға жуықтаған.
«Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш» дейді ол.
Басқарма 18 туристік компаниямен серіктестік орнатқан. Нәтижесінде, компаниялар наурыз-маусым айларының аралығында 20 мыңға жуық саяхатшыны тартқан.
Жалпы шетелдік саяхатшылардың дені көрші жатқан Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытаймен қоса Түркия, Франция, Германия, Италия, Жапониядан да бар.
Айта кетейік, мамырда Алматыға шетелден келетін туристер саны артқаны туралы ақпарат тараған болатын. Мәселен, 2024 жылы оңтүстік астанаға 2,3 млн турист келген. Соның ішінде 686 мыңы шетелден келген.