
Семейдегі жергілікті халыққа «Ескі көпір» атауымен белгілі автогуж көпірінің жанынын салынып жатқан жаңа көпір Қытай қаржыландырады. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли «ескі көпірдің» ауысырылған асфальт жабынын көруге барған кезінде мәлім еткен.
Облыс әкімдігі биыл өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінен кейін ҚХР төрағасы аймақ елдеріне қайтарымсыз грант берілетінін айтқанын атап өтіп, облыс аталған көпір құрылысын қаржыландыруды қайтарымсыз грант есебінен шешу жөнінде ұсыныс берген. Бастама президент қолдауына ие болған.
«Үкіметпен, тиісті министрліктермен келісілді. Қаржы бөлінетін болды. Мердігер компания жыл соңына дейін көпірдің бірінші кезеңін аяқтап, көліктердің жүруіне жағдай жасаймыз деп отыр. Яғни, жол ашылады. Асфальт төсеу жұмыстары көктемде басталады. Ал ескі көпір келесі жылы жаяу жүргіншілер көпірі болады. Батыс елдеріндегідей қайта қалпына келтіріп, жаяу жүргіншілерге арналған үлкен көпір, Арбат жасаймыз», – деді Берік Уәли.
Оның сөзінше, қала әкімдігі жоба ұсынады. Содан кейін көлік өткелі қала тұрғындары велосипед теуіп, демалатын орынға айналады.
Бұған дейін, Берік Уәли Қытайдың Чанцзи мемлекеттік жоғары технологиялар индустриялық аймағынан келген делегация мүшелерімен кездесіп, облысқа инвестиция құюға шақырған болатын.