
Продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желілерде әйелдерді «тәрбиелеу мақсатында дұрыс ұруды» үйреткен ұстаз Ризабек Батталұлы сөзіне ашық түрде қарсылық білдірді. Мұндай әрекетті әйелдердің құқығы мен бостандығын тікелей бұзу деп атап, құқық қорғау органдарынан ресми шара қолдануды талап етті.
Желіде тараған видеода ұстаз әйелге күш қолдану кезінде «соққының із қалдырмауын», «сүйек сындырмайтындай етіп ұруды» насихаттайды. Оның ойынша, бұл «тәртіпке шақырудың» тәсілі.
Баян Алагөзова бұл пікірге қатысты қатаң мәлімдеме жасады:
«»Қазіргі заманның қаһарманы» әйелді қалай, немен ұру керегін үйретіп отыр. Әйелдердің құқығын аяққа таптағаны үшін бұл адам міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс», — деді продюсер.
Кейінірек Алагөзова тағы бір бейнематериал жариялап, онда психолог Мәрзия Бекайдар тұрмыс құрған әйелдер өз бетінше шешім қабылдамауы керек деген пікірін білдірген.
Алагөзова мұндай көзқарастардың XXI ғасырда, конституциялық теңдік бекітілген зайырлы мемлекетте айтылуы ақылға қонымсыз екенін атап өтті:
«Оны тыңдап, соны әрекетке айналдыратындар бар. XXI ғасырда, заң бойынша ер мен әйел тең саналатын елде келін — тек қызмет көрсетуге арналған жануар деген түсінікті сіңіруге жол беруге болмайды», — деді Баян.
Еске сала кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова Рүстем Жүгінісовті жауапқа тартуды сұраған еді. Рүстем де Ақтөбенің мешітінде болған оқиғаға байланысты өз пікірін білдірген еді.