
Глазгодағы 60 мың жанкүйер сыятын әйгілі «Селтик Парк» стадионында Чемпиондар лигасының плей-офф раунды аясында шотландиялық «Селтик» пен алматылық «Қайрат» кездесті. Қарсыласқан қос команда есеп аша алмай, ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.
Алғашқы тайм тең дәрежеде өрбіді. «Селтик» допты көбірек бақылап, қазақстандық команданың қорғанысын бұзуға тырысқанымен, олардың ешбір әрекеті жүзеге аспады. Нәтижесінде қауіпті сәттер жасай алмады. Алматылықтар да қапы қалмай, бірнеше рет қауіпті қарсы шабуыл ұйымдастырды. Тіпті орталық қорғаушы Александр Мартынович бір голды офсайдттан да салып үлгерді.
Екінші таймда алаң иелері жылдамдығын үдетіп, «Қайраттың» қақпасы маңында жиі қауіп төндірді. Допқа 70 пайыздан астам иелік еткен шотландиялық клуб қысымды күшейтті. Алайда қазақстандық команда бар күшін қорғанысқа жұмсап, берік тосқауыл қойды.
Қақпашы Александр Заруцкий бірнеше рет командасын қиын сәттен құтқарып, кейін жарақат алып, орнына Темірлан Анарбеков шықты. Соған қарамастан, «Қайрат» соңына дейін төтеп берді.
Айта кетейік, «Селтик» өз тарихында 14-ші рет, қатарынан төртінші мәрте Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуды көздеп отыр. Ал «Қайрат» үшін бұл жарыстың негізгі кезеңіне алғаш рет жолдама алу мүмкін. Ендігі жауапты кездесу 26 тамыз күні Алматыда өтеді. Бұл ойынға Дастан Сәтбаев сары қағаздың көптігіне байланысты қатыспайды.
Орталық стадионда өтітен ойынға билеттер бір жарым сағаттың ішінде сатылып кеткен еді. Желіде болса алыпсатарлар 10 есе қымбат бағаға сатып жатыр