Жылыту маусымына дайындық: 9 ЖЭО тәуекел аймағынан шыққан

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Үкімет 9 ЖЭО-ның тәуекел аймағынан шыққанын хабарлады / Фото: kursiv.media архив

Үкімет өңірлердің жылыту маусымына дайындығы туралы есеп берді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, өткен жылы қызыл аймақта тұрған жылыту электр станцияларының жаңғыртылып, тәуекел аймағынан шығарылған.

Үкімет есебінше, 9 ЖЭО қызыл аймақтан, сары аймаққа көшкен. Министр ЖЭО-ларды жаңғыртуды үкіметтің ерекше бақылауға алғанын жеткізді. Нақты айтқанда, осы жылы министрлік елдегі ЖЭО-лардың 10 энергоблогында, 63 қазандықта және 39 турбинада күрделі жаіңғырту жұмыстарын жүргізген.

«Бұл жұмыс нәтиже берді. ЖЭО-ның орташа тозуы ел бойынша 61%-ға дейін төмендеді. Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 ЖЭО қызыл тәуекел аймағынан сарыға, 3 ЖЭО сарыдан жасыл аймаққа көшті», – деп мәлімдеді Ақкенженов.

ЖЭО және ЖИ

Сонымен бірге министр жаңғыртылған нысандардың жұмысын цифрландыруға баса мән беріліп жатқанын жеткізді. Электр энергетика саласында мамандар ЖИ технологиялары енгізіліген дрондар пайдалана бастаған. Бұл дрондар электр желілерін жедел диагностикалауда, ақауларды анықтауда көмектеседі. Сонымен бірге мұндай озық технологиялар жылыту мен газ саласына енгізілген.

«Жылу энергетикасында акустикалық резонансқа негізделген роботты кешендер құбырлардың күйін ішінен сканерлейді, бұл мақсатты жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Газ саласында есептегіштер көрсеткіштерін автоматты түрде танитын ЖИ көмекші табысты жұмыс істеуде», – деді министр.

 Айта кетейік, Үкімет 2025-2029 жылдар аралығында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» жобасына Ұлттық қор мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» 10 трлн теңге жұмсамақ. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған Үкімет қаулысында жазылған болатын. Жоба бойынша қаржы операторының рөлін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ атқаруы керек еді.

Сондай-ақ оқыңыз