Қоғамдық кеңестер жұмысы қорытындыланды

Астанада Қоғамдық кеңестердің Үйлестіру орталығы 7 айдың жұмысын қорытындылады. 2025 жылы кеңестердің 80%-ы жаңартылды.
21 тамызда Астанада Қоғамдық кеңестердің Үйлестіру орталығының отырысы өтті. Жиында биылғы 7 айда жасалған жұмыс қорытындысы қаралды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратына қарағанда, елімізде бүгінгі күні 263 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олардың құрамына шамамен 4000 белсенді азамат кіреді. 2025 жылы қоғамдық кеңестердің 80%-ының құрамы жаңартылған. Яғни 211 ұжымның құрамы өзгерген.
Қоғамдық бақылау өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберінде азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 1500-ден астам нормативтік құқықтық акт жобасы қаралыпты. 200-ден астам қоғамдық тыңдау өткізіліп, республикалық және жергілікті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерінің 324 есебі тыңдалды.
«Қоғамдық кеңестер мониторинг жұмыстарын да белсенді атқарды. Халықты толғандыратын мәселелер бойынша – қоғамдық көлік жағдайы, ауыз судың қолжетімділігі, құбырлардың сапасы, тұрғын үй құрылысы, жер телімдерінің бөлінуі, жол жөндеу, мүлік иелері бірлестіктерінің қызметі, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының мониторингі жасалды. Жалпы 300-ден астам тексеру жүргізілді»- делінген министрліктің ақпаратында.
Отырыс барысында Үйлестіру орталығының төрағасын сайлау мәселесі де қаралды. Дауыс беру нәтижесі бойынша Сәлімбай Шүнеев төрағалыққа лайықты деп танылды.
Биліктің пайымдауынша, бұл кеңестер билік пен халық арасындағы көпір функциясын атқаруы тиіс.