Жітіқара соты тіркелмеген такси жүргізушісін жазалады

Жітіқара соты салық органдарында тіркелмей жолаушы тасымалдаған жүргізушіні 41 286 теңге айыппұл салып, әкімшілік жауапқа тартты.
Қостанай соттары ақпаратына қарағанда, Жітіқара аудандық соты қостанайлық азаматқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарады. Ол салық органында тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін жауапқа тартылды.
Сот дерегінше, 2025 жылғы 16 шілдеде полиция қызметкерлері тексеру барысында Пригородное ауылында такси жүргізушісінің Toyota көлігін тоқтатқан. Ол Жітіқара – Қостанай бағыты бойынша жолаушыларды тасымалдап жүріпті.
Автокөлікте 4 жолаушы болған. Олардың бірі жол ақысына 5000 теңге төлеген.
«Такси жүргізушісі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және қызметінің басталғаны жөнінде хабарлама бермеген. Соған қарамастан, ол ақыға жолаушы тасымалдаумен айналысқан», – делінген хабарламада.
«Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау қағидаларына» сәйкес, такси қызметін атқаратын немесе жолаушы тасымалдайтын тұлғалар жергілікті атқарушы органға хабарлама жолдауы тиіс.
Айта кететін жайт, Балтық елдерінің сервисі Bolt Қазақстанда Yandex Go-ға бәсекелес болуды қалап отыр.