Қазақстан ЖІӨ жағынан Ресейден озып кетуі «таңқаларлық жағдай емес»

Қазақстан ЖІӨ жағынан Ресейден озып кетуі «таңқаларлық жағдай емес». Forbes-тағы дәулеті 4,1 млрд доллар деп бағаланған ресейлік бизнесмен Олег Дерипаска осындай баға берді. Өзінің телеграм арнасында Олег Дерипаска Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі драйверлерін атап өтті.
«Қазақстан бойынша статистика соншалықты таңғалатындай емес. Мұнда өсімнің негізгі факторларының стандартты жиынтығын қайта еске сала кеткен артық болмайды: меншік құқығын қорғау, шетелдік инвесторларды тарту, заң үстемдігі мен сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік сектор үлесін жүйелі түрде қысқарту», – деп жазады ол телеграм арнасында.
Дерипасконың сөзінше, «аталған құралдардың кепілді түрде жұмыс істейтіні өте маңызды. Және ол Қытайдағы логистикалық дәліздермен бірге қосылғанда байқамай тұра алмайтындай тұрақты нәтиже береді».
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 14 770 доллар, ал Ресейде – 14 260 доллар болады. 2024 жылы қор деректері бойынша бұл көрсеткіш Ресейде Қазақстаннан 4,6% жоғары болған, алайда 2025 жылы Ресейдің жан басына шаққандағы долларлық ЖІӨ-сі 3,6%-ға қысқаруы тиіс.
ХВҚ атап өткендей, жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші әрқашан азаматтардың нақты әл-ауқатын көрсетпейді. Өмір сапасы ЖІӨ-нің азаматтар арасындағы бөлінісіне де байланысты болуы мүмкін.
Бірақ ресейлік сарапшылар басқа пікірде. Олар екі ел экономикасын дәлірек салыстыру үшін сатып алу қабілетінің паритеті (СҚП) бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткішін қолдануды ұсынады. Осы әдіс бойынша Ресей 2025 жылы Қазақстаннан 11% артық көрсеткішпен көш бастап, жаһандық рейтингте 48-орынды сақтап қалады.