Жаңалықтар

Qazbilim ұлттық лицейлер желісінің үш қаладағы лицензиясы тоқтатылды

Фото: Qazbilim

Qazbilim ұлттық лицейлер желісіне Атырау, Ақтау және Шымкент қаласындағы лицензиялары тоқтады. Бұл жайлы ұлттық лицейлер желісінің директоры Аятжан Ахметжанұлы фейсбуктегі парақшасында жариялады.

» Маңғыстау облысы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті QAZBILIM Ақтау ұлттық лицейі лицензиясын уақытша тоқтатты. Екі жыл облыста ең үздік жекеменшік мектеп деп марапатталған. Атырау облыс білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті QAZBILIM Атырау ұлттық лицейі лицензиясын бір жолата тоқтатты. Шымкент қаласы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті (ДОКСО) QAZBILIM Шымкент ұлттық лицейі лицензиясын 6 айға тоқтатты», – деп жазды ол желіде.

Өзін «ұлттық лицейлер желісі» деп таныстыратын Qazbilim компаниясының Қазақстан бойынша 8 білім ошағы бар. Директоры Ахметжанұлының сөзінше, әзірге Алматы, Астана, Қарағанды және Қызылорда қаласындағы мектептер жұмыс істеп тұр. Лицензиясын алып тастаған күннің өзінде жеке қаржыландыру табуға мүмкіндігі бар.

«Астана, Алматы үлкен қала мүмкіндік табылады. Ұстап тұрам. Қостанай мен Қызылорда ғимарат жекеменшік өзімідікі. Сондықтан, сақтап қалу қиын болмайды деп ойлаймын. Ұстап қалам. Қарағанды сұрақ, қазірге лицензиясы орнында. Ертең ата аналарыммен шешемін», – дейді мектептер желісінің иесі.

Ұлттық лицейлер неге жабылып жатыр?

Qazbilim – тек қазақ тілінде білім беретін мектептер желісі. Сайтындағы ақпаратқа сенсек, балаларды тек авторлық методикамен оқытады. Сыныптағы балалар саны 18-ден аспайды. Нарықта он жылдан бері жұмыс істейді.

Бірақ осы жылы Qazbilim тәрізді ондаған жекеменшік мектептердің жағдайы қиындады. лицейіндегі мұғалімдер бірнеше айдан бері жалақы алмағанын айтып шағымданды. Kursiv Media Атыраудағы мемлекеттен тапсырыс алатын жиырмашақты мектептің қаржысы аударылмай, ұстаздар қаржы ала алмай отырғанын жазған еді. Осындай себеппен Жезқазғандағы «Зерделі-Жезу» жекеменшік мектебі де жабылудың алдында тұр.

Дәл осылай Qazbilim мектебінің ұстаздары да төрт айдан бері айлық ала алмағанына шағымданған. Аятжан Ахметжан бұл мәселені бюджеттен тиісті қаржының түспеуімен түсіндірді. Мәселені шешу үшін басқаша жолдарын қарастырып көргенмен, сәтсіз болған.

«Мұғалімдерім қиналғанын көре тұра қамданбай отырған жан емеспін. Қаржылық жағдайды реттеу үшін Ақтау қаласындағы мектеп ғимараты жеке өзіме тиесілі болғасын, мектепті арендаға алған ғимаратқа қойып, өз ғимаратымды сатылымға қойғанмын. Сатылса қаржылық жағдайымды реттеп тастауға болар еді. Өкінішке 4 айдан асты сатылмай тұр. Барынша мүмкіндіктің бәріне сап отырмын», – деп жазды ол.

Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының мәліметінше, 2025 жылы 726 жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау шартына қосылған. Бірақ олар 2023, 2024 жылдары және биыл да мемлекеттен түсуі керек қаржыны уақытыл алмаған.

Оқу-ағарту министрлігі қаржыландырудың республикалықтан жергілікті қаржыландыруға ауысқан. Яғни әр өңір жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша жеке шешім қабылдайды.