Ақтөбеде әйелін ұрып, ажалына себеп болған тұрғын 8 жылға сотталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Ақтөбе қаласының №2 соты әйелін ұрып, абайсызда оның ажалына себеп болған тұрғынды кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Жоғарғы сот хабарлайды.

Мәліметке қарағанда, сот ер адамның әйелінің басынан бірнеше рет ұрғанын, содан кейін оның жағдайы күрт нашарлағанын анықтады. Әйел төсектен тұрмаған және үйден шығуды қойған.

«Алғаш рет жедел жәрдем шақырылғанда дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынғанымен, жәбірленуші одан бас тартқан. Екінші рет жәдел жәрдем шақырған кезде ол ауруханаға жеткізілген, бірақ жансақтау бөлімінде қайтыс болған», – деп жазды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, сот отырысы барысында сотталушының бір ай бұрын әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткені расталды.

«Үйде оның бетінен үш рет ұрған, ал жәбірленуші өзін қорғамақ болғанда тағы екі рет ұрған. Әйел соққыдан құлаған, бірақ ол кезде ауруханаға бармаған».

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлімге мидың жарақаттан ісінуін, қан кету, жабық бас сүйек-ми жарақаты себеп болды.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Прокурор оны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар табылған жоқ.

Сот сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған қоса, сот Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жедел жәрдем қызметінің жұмысындағы кемшілікті жоюды тапсырып, жеке қаулы шығарды.

Үкім күшіне әлі енген жоқ. Сотталушы шешімге шағым түсіре алады.

Естеріңізге сала кетейік, 19 тамызда некеге мәжбүрлегені үшін 10 жылға дейін соттайтын заң күшіне енген.

Сондай-ақ оқыңыз