Банк пен қаржы

Еуразия банкі төңірегіндегі іс: Шодиев 1 млн өтемақы талап етті

Фото: Офелия Жакаева

Кәсіпкер Патох Шодиев Алматы ауданаралық экономикалық сотына Еуразиялық қаржы компаниясының (ЕҚК) үстінен шағым түсірді. Мәлімет Қаржылық есептілік депозитарийі сайтында жарияланды. Арыз 14 тамызда сотқа түскен.

Еуразиялық қаржы компаниясына Еуразия банкі мен «Еуразия» сақтандыру фирмасы кіреді. Шодиев оның акционерлерінің бірі.

Сот шағымында кәсіпкер ЕҚК директорлар кеңесінің 2025 жылғы 30 шілдедеді шешімін заңсыз, жарамсыз деп тануды сұрайды. Ол шешімдерді директорлар кеңесіне мүше Шухрат Ибрагимов (марқұм Әлиджан Ибрагимовтің ұлы) пен Андрей Копов қабылдаған.

Бұған қоса, Шодиев ЕҚК-дан моральдық шығын ретінде 1 млн теңге өндіріп беруді сұрайды. Ол істің жабық қаралуын қалайды.

Кәсіпкер өзінің үлесі бар компанияны осымен екінші мәрте сотқа беріп отыр. 2 шілдеде ол директорлар кеңесінің 2 маусымда шығарылған шешімін жарамсыз деп тануды соттан сұраған. Ашық дереккөздерде 2 маусым мен 30 шілдедегі директорлар кеңесі отырыстарында қабылданған шешімдер туралы мәлімет жоқ.

Шілденің аяғында ЕҚК-нің өзі Ибрагимов пен Коповты сотқа берген. Ал Шодиев болса өзінің директорлар кеңесіне мүшелігін күшінде қалдыруды соттан сұраған.

Кейін дауға Шодиевтің қызы Муниса араласқаны мәлім болды. Ол да ЕҚК, Ибрагимов және Коповтарға қарсы шағым түсіріп, 2 маусымдағы шешімді заңсыз деп тануды талап етті.

Ибрагимовтар мен Шодиевтер арасындағы жанжал жыл басында өрши түскен. Сол кезде Bloomberg Шухрат Ибрагимов Eurasian Resources Group (ERG) қожайыны атануға ұмтылады деп жазған.

Шодиев арызы бойынша алғашқы сот отырысы 26 тамызға белгіленді.

eGov.kz мәліметінше, Еуразиялық қаржы компаниясы марқұм Әлиджан Ибрагимовтің жесірі Мукадасханға, Патох Шодиевке және марқұм Александр Машкевичке тиесілі.